Тұрғындар мәселе шешілмесе, жағдай одан әрі қиындайды деп алаңдайды.
Көкшетау қаласында тұрғындар қоқыс мәселесіне байланысты дабыл қағып отыр. Қосшығұлов көшесіндегі жеке үйлердің маңында қоқыс контейнерлері уақытында тазаланбай, айналасы бейберекет үйіндіге айналған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қоқыс желмен жан-жаққа ұшып, аула маңы толықтай ластанып жатыр. Кейбірі қоқысты өз күшімізбен жинауға мәжбүрміз дейді, бірақ бұл мәселе тұрақты түрде қайталана береді. Тұрғындар қоқыс қаншалықты жиі шығарылатынын және неге контейнерлер үнемі толып тұратынын сұрап отыр.
Сонымен қатар, адамдардың өздері де қоқысты жәшікке жеткізбей тастайтыны жағдайды ушықтырып отырғаны айтылады. Алайда негізгі жауапкершілік коммуналдық қызметтің жұмысына қатысты деген пікір көп. Қалада тазалыққа жауапты мекемелер бұл жағдайға түсініктеме бермеді.
Тұрғындар мәселе шешілмесе, жағдай одан әрі қиындайды деп алаңдайды. Видео: sinegor.kz.