$ 482.33  557.57  5.74

«Күдікті қамауға алынады»: Алматыда болған жол апатына қатысты ақпар шықты

Екі көліктің қатысуымен болған апат 21 наурызға қараған түні Алматының Медеу ауданында орын алған.

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Алматы қалалық полиция департаменті 21 наурыз күні Әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасының мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Екі көліктің қатысуымен болған апат 21 наурызға қараған түні Алматының Медеу ауданында орын алған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Полиция департаментінің мәліметінше, ZEEKR маркалы автокөліктің жүргізушісі даңғыл бойымен келе жатып, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, «Мерседес» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Күдікті түрлі дене жарақатын алып, қазіргі уақытта медициналық мекемеде күзетпен жатыр. Жағдайы тұрақтанған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

— Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Әрқайсысына қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Көліктер айыппұл тұрағына қойылды. Ешкім жауапкершіліктен жалтармайды, — деді Алматы қаласы ПД бастығының орынбасары Рустам Шәріпбаев.

Бейнебақылау камераларындағы барлық жазбалар, соның ішінде жекеменшік камералардан алынған материалдар да тәркіленіп, іске тіркелді. Қазіргі уақытта олар жан-жақты зерттеліп жатыр.

— Жүргізушіге алкогольдік ішімдік қолданған-қолданбағанын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижелері қосымша хабарланады. Сонымен қатар жүргізушіге қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзудың өзге де фактілері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды, — деп толықтырды полиция.

Тергеу Алматы қаласы полициясының ерекше бақылауында және толық көлемде жүргізілуде.

Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды. Сондай-ақ кінәлілердің барлығы заң аясында жауапқа тартылатынын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0