Банктердің тағы бір осал тұсы – клиентке емес, өз пайдасына жұмыс істеуі.
Петропавл қаласында заңсыз қаржылық қызметпен айналысқан күдікті ұсталды. Ол азаматтарға жылына 120 пайызға дейін өсіммен ақша беріп отырған. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бұл істі сотқа жолдады. Тергеу дерегінше, күдікті 2013 жылдан 2025 жылға дейін лицензиясыз түрде жеке және заңды тұлғаларға қарыз берген. Келісімшарттарда нақты берілген сомадан әлдеқайда жоғары сома көрсетіліп, оған алдын ала есептелген пайыздар енгізілген. Қарыз алушылар ай сайын 5–10 пайыз төлеуге міндеттелген, бұл жылына 60–120 пайызға дейін жеткен. Тәуекелді азайту үшін күдікті қарыз алушылардың мүлкіне жалған сатып алу-сату шарттарын рәсімдеген. Осы әрекеттер арқылы ол кепілдік жүйесін заңсыз түрде қолданған. Тергеу мәліметінше, оның заңсыз табысы 1,8 миллиард теңгеден асқан. Қарызын қайтара алмағандарға күдікті қысым көрсетіп, кей жағдайда күш қолданған. Ол тіпті сотқа жүгініп, бір қарызды екі рет өндіріп алуға әрекеттенген. Қазір күдіктінің 1,1 миллиард теңгеге бағаланған мүлкіне, соның ішінде пәтерлер, үйлер, жер учаскесі мен көліктеріне тыйым салынды.
Күдікті қамауда, іс сотта қаралуда.
Бұл бір ғана қылмыстық іс. Бірақ мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Сұрақ – неге адамдар осындай «қара банкирлерге» барады? Қазақстанда ресми дерек бойынша, жалпы несие портфелі 41,9 триллион теңгеге жетті. Оның 24,2 триллионы – халықтың мойнындағы қарыз. Яғни барлық несиенің жартысынан көбі қарапайым азаматтарға тиесілі. Бірақ осы үлкен нарыққа қарамастан, адамдар әлі де банкке емес, көлеңкелі несие берушілерге жүгінеді. Себебі түсінікті. Банктер ақша беруге келгенде қатаң: табысыңды дәлелде, кредиттік тарихың мінсіз болсын, қарыз жүктемең белгілі деңгейден аспасын. Ал өмірде бәрі қағаздағыдай емес. Жұмыссыз қалған, жалақысы ресми тіркелмеген немесе бұрын қарызын кешіктірген адам банк үшін «қауіпті клиент». Сондықтан банк есігінен қайтарылған адам амалсыздан «қара нарыққа» барады. Бірақ мәселе тек талапта емес. Банктердің өзі де халықты қарызға тәуелді етіп отырған жүйенің бір бөлігіне айналып барады.
Мысалы, ірі банктердің бірі бір жылда 1 триллион теңгеден астам таза пайда тапқан. Активтері 20 триллион теңгеден асып, пайыздық табысы 1,3 триллион теңгеге жеткен. Бұл – банктердің негізгі табысы халықтың төлеген пайызы екенін көрсетеді. Сол кезде халықтың табысы өсіп жатыр ма? Жоқ. Керісінше, инфляция қысым жасап, күнделікті шығын артып келеді. Ал банктер пайызды төмендетуге асығар емес.
Тағы бір мәселе – бөліп төлеу жүйесі. Ресми түрде ол «жеңілдетілген сатып алу» ретінде ұсынылады. Бірақ іс жүзінде бұл да несие. Адамдар ай сайын бірнеше төлемге кіріп кетіп, өздері байқамай қарызға белшесінен батады.
Осы тұста «қара банкир» мен банк жүйесінің айырмашылығы қандай деген сұрақ туады. Бірі – заңсыз, бірі – заңды. Бірақ екеуінің де табыс көзі – қарызға батқан адам.
Ең қауіптісі – алдағы өзгерістер. 1 шілдеден бастап банктер қарыз алушыларды бұрынғыдан да қатаң тексереді. Қарыз жүктемесі мен табыс деңгейі басты талапқа айналады. Бұл – ресми түрде «қаржылық тәртіпті күшейту» деп түсіндіріледі.
Ал шын мәнінде не болады? Банкке өте алмаған адамдар тағы да көлеңкелі нарыққа кетеді. Яғни бүгінгі Петропавлдағы жағдай – ертең қайталанбайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Қаржы жүйесі халыққа қызмет етуі тиіс. Бірақ бүгінгі модельде банк тәуекелден қашады, ал адам тәуекелдің ішінде қалады.
Банктердің тағы бір осал тұсы – клиентке емес, өз пайдасына жұмыс істеуі.
Соңғы жылдары қаржы ұйымдары тәуекелді азайтуды алға тартып, нақты табысы төмен немесе бейресми кірісі бар азаматтарды жүйеден шеттетіп келеді. Сонымен қатар, банктер клиент қаражатын пайдаланғаны үшін сыйақы төлеуге асықпай отыр. Заң бойынша ағымдағы және карточкалық шоттарға пайыз төлеуге мүмкіндік берілгенімен, көптеген ірі банктер бұл норманы толық енгізбей келеді. Яғни халықтың ақшасы банктерде айналып, табыс әкеледі, бірақ сол табыстың үлесі клиентке қайтарылмайды.
Тағы бір мәселе – комиссиялар мен жасырын төлемдер. Несие рәсімдеу кезінде пайыздық мөлшерлеме бір бөлек көрсетіледі де, қосымша қызметтер арқылы нақты шығын бірнеше есе өседі. Клиент көбіне толық қаржылық жүктемені тек төлем кезінде ғана түсінеді. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда халықтың қарыз жүктемесі жыл сайын артып келеді, ал банктердің таза пайдасы да соған параллель өсіп отыр. Бұл – қаржы жүйесінің теңгерімі бұзылғанын көрсетеді.