$ 478.77  548.62  5.87

Air Astana компаниясына жаңа бас директор тағайындалды

Ол 2017 жылдан бері қаржы жөніндегі директор қызметін атқарып келді.

Фото: Air astana
Фото: Air astana

1 сәуірден бастап Ибрахим Жанлыел Air Astana тобының бас атқарушы директоры (CEO) қызметіне ресми түрде кірісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Компания мәліметінше, Ибрахим Жанлыел әуекомпанияда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі басқарушы. Ол 2017 жылдан бері қаржы жөніндегі директор қызметін атқарып келді. Бұған дейінгі 14 жыл ішінде компанияның стратегиялық және қаржылық дамуына елеулі үлес қосқан басқарушылар құрамында болды.

Сондай-ақ 2024 жылы Air Astana тобының үш қор биржасында тіркелуіне қатысып, компанияның халықаралық нарыққа шығуына үлес қосты.

Жаңа қызметінде Ибрахим Жанлыел операциялық орнықтылықты нығайтуға, тұрақты өсімді қамтамасыз етуге және Air Astana мен FlyArystan аясындағы екі брендті дамыту стратегиясын ілгерілетуге басымдық бермек.

– Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры қызметін атқару мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бұл – мен үшін маңызды кезең әрі 7 мың қызметкеріміз бен барлық мүдделі тарап үшін сабақтастықтың көрінісі. Компанияның негізін қалаушы қағидаттарын сақтау және дамыту – біздің басты міндетіміз, – деді Ибрахим Жанлыел.

Оның айтуынша, компания халықаралық деңгейдегі операциялық, қауіпсіздік және қызмет көрсету стандарттарының жоғары деңгейін қамтамасыз етуді жалғастырады. Сонымен қатар корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру және коммерциялық әрі қаржылық тәуелсіздікті нығайту көзделіп отыр.

Айта кетейік, Air Astana тобы Орталық Азия мен Кавказ өңірінде әуе кемелері паркі мен жолаушылар саны бойынша көшбасшы саналады. Компанияның географиялық орналасуы әлем халқының едәуір бөлігіне жақын болуына байланысты алдағы уақытта транзиттік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Біз Орталық Азиядағы хабтарымыз арқылы ұшатын жолаушылар үшін таңдаулы әуе компаниясы ретіндегі позициямызды нығайтуды көздейміз, – деді жаңа бас директор.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0