$ 475.09  551.06  5.87

«Қателігімді қайталамаңыздар»: Танымал рэпер Qarakesek аялдама жуып жүр

Рэпердің айтуынша, мұндай жұмысты алғаш рет істеп көрген.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Психотроптық затты қолданғаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған рэпер Qarakesek жазасын өтеуге кірісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Qarakesek лақап атымен танылған рэпер Омар Амантаев бүгінде басқа да көше тазалаушы қызметкерлермен бірге көшеде қоқыс жинап, аялдама жуып жүр. Өнер иесі Ulysmedia.kz-ке видеосыз қысқа сұқбат берген. 

Рэпердің айтуынша, мұндай жұмысты алғаш рет істеп көрген.

Сондай-ақ Омар Амантаев сахнадағы Qarakesek бейнесі мен өмірдегі болмысының арасында айырмашылық жоғын жеткізді. Оның сөзінше, әндерінің барлығы өмірден алынған, ал соңғы “Сахара” туындысы тікелей өз өміріне байланысты жазылған.

Ал “Детдом” әніне қатысты сұраққа ол бұл шығарманың өзінің өміріне қатысы жоқ екенін айтты. Рэпердің сөзінше, ән басқа адамның тағдырына негізделген.

“Шүкір, ата-анам бар”, – деді ол.

Омар Амантаев әлеуметтік желіде парақшасы жоқ екенін де жасырмады. Өнер иесі әртіс болу ешқашан басты мақсаты болмағанын ашық айтты. 

“Шығарған өлеңім өтіп кетті. Солай танылды. Қазақша рэпермін. Әндерімнің бәрі белгілі бір жағдайға байланысты шықты. Қазір ән шықпай жатқаны менде айтатын ештеңе жоқ. Өзімде қателік көп болған соң ешкімге ештеңе айта алмаймын. Осы жағдай бітсін, сосын кірісемін. Қазір өлең жазатын жағдайда емеспін”, – деді рэпер. 

Сонымен қатар ол тыңдармандарына үндеу жасап, қиын сәтте қолдау білдірген жандарға алғыс айтты.

“Өлең айту үшін де көңіл күй мен ішкі дайындық қажет. Менен үміт үзбеңіздер. Менің қателігімді қайталамаңыздар”, – деді ол.

Ал “Ақтөбе билігі рэперге тек таза көшелерден жұмыс берді ме?” деген сауалға мердігер компания өкілі жауап берді. Ақпаратқа сәйкес, Омар Амантаев өзіне белгіленген аумақтың бәрінде жұмыс істеп жүр.

“Біз Заречный-1 және Заречный-3 тұрғын алаптарындағы көше тазалығына жауаптымыз. Қоластымда 18 қызметкер бар. 100-ден аса көше бар, барлығын қоқыстан тазалаймыз. Омар секілді соттың шешімімен келген жұмысшы бізде алғаш рет. Ол 26 наурыздан бері жұмысқа шығып жүр”, – деді “Damu life” мердігер компаниясының басшысы Жандос Ерекешов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0