2026 жылғы ақпан қорытындысы бойынша Қазақстан банктерінің таза табысы 389 млрд теңгені құрады.
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ға аз. Қаңтарда да дәл осындай үрдіс байқалған: табыс 199 млрд теңге болып, 13,1%-ға төмендеген. 1 наурыздағы жағдай бойынша банктердің активтері 70 трлн теңгеге жеткенімен, бір айда 0,1%-ға қысқарды. Негізгі себеп – өтімді активтердің 1,2%-ға азаюы, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазір олардың көлемі 25 трлн теңге. Оның ішінде жоғары өтімді активтер 20,8 трлн теңге немесе жалпы активтердің 29,6%-ын құрайды. Рентабельдік көрсеткіштері де төмендеп келеді. Активтердің табыстылығы (ROA) 4,1%-дан 4,0%-ға түсті. Ал капитал табыстылығы (ROE) 27,7%-дан 26,9%-ға дейін азайды. Соған қарамастан, банктердің меншікті капиталы 2,2%-ға өсіп, 11 трлн теңгеге жеткен. Капитал жеткіліктілігі де жоғары деңгейде: k1 – 20,5%, k2 – 21,2%.
Проблемалық несиелердің үлесі әзірге аса қауіпті шекке жеткен жоқ. 90 күннен астам кешіктірілген қарыздар (NPL90+) 3,9% немесе 1,7 трлн теңге. Халық несиесінде бұл көрсеткіш 4,6% (1,2 трлн теңге), ал бизнес сегментінде 3,0% (526 млрд теңге). Мұндай несиелердің 61,6%-ы резервтермен жабылған.Ал міндеттемелер 0,5%-ға азайып, 59 трлн теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері 1,6%-ға қысқарған. Клиент қаражатының үлесі әлі де басым – 47,2 трлн теңге немесе барлық міндеттеменің 79,9%-ы. Бүгінде елде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Оның 15-інде шетелдік капитал бар, соның ішінде 10-ы еншілес банктер.
Енді осы цифрлардың ар жағында не тұр?
Бір қарағанда, жүйе тұрақты: капитал жеткілікті, өтімділік бар, тәуекелдер жабылып отыр. Бірақ табыстың қатарынан екі ай төмендеуі – жай статистика емес, нарықтағы нақты өзгерістің белгісі. Банктер бұрынғыдай оңай табыс таба алмай жатыр. Мәселе мынада: қазақстандық банктердің табысы көбіне нақты экономиканы қаржыландырудан емес, тұтынушылық несиелер мен комиссиялық қызметтерден құралады. Яғни халық қарызға батса – банк табыс табады. Ал халықтың төлем қабілеті төмендей бастаса, жүйенің әлсіз тұсы бірден көрінеді. Заңды тұлғалардың депозиттерінің азаюы да – маңызды сигнал. Бизнес ақшасын банкте ұстап отырғысы келмейді. Демек, банктердің ұсынған шарттары тартымсыз немесе экономикадағы сенім әлсіреген. Бұл – қаржы жүйесіне деген сенімнің баяу болса да өзгеріп жатқанын көрсетеді.Тағы бір мәселе – несиелердің сапасы. Ресми есепте NPL деңгейі 3,9% деп көрсетіледі. Бірақ бұл көрсеткіштің артында қайта құрылымдалған, мерзімі ұзартылған, «жасанды түрде тірі ұсталған» қарыздар болуы мүмкін. Мұндай тәжірибе банктердің есебін «әдемі» көрсеткенімен, тәуекелді кейінге шегереді. Ең басты сұрақ – банктер экономиканы дамытып отыр ма, әлде тек айналымдағы ақшаны өз ішінде бөлісіп отыр ма? Өндіріс, шағын бизнес, жаңа жобаларға қолжетімді несие әлі де шектеулі. Ал тұтынушылық несие керісінше оңай беріледі. Сондықтан бүгінгі жағдайды «тұрақты жүйе» деп бағалау асығыс болуы мүмкін. Иә, банктер қағаз жүзінде мықты көрінеді. Бірақ табыстың төмендеуі, депозиттердің қысқаруы және несиенің құрылымы – жүйенің ішкі проблемалары бар екенін аңғартады. Егер банктер нақты секторды қаржыландыруға бет бұрмаса, ертең бұл «тұрақтылық» тек есепте ғана қалып қоюы мүмкін.
Бұған қоса, банктердің тағы бір әлсіз тұсы – пайыздық саясат. Елде базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын, банктер де несиені қымбат береді. Бірақ дәл сол кезде депозитке төлейтін сыйақыны барынша төмен ұстап қалуға тырысады. Яғни пайда екі жақтан да жиналады: қарыз алушыдан да, қаражатын банкке сеніп тапсырған салымшыдан да. Тағы бір назар аударатын жайт – банктердің тәуекелден қашуы. Кәсіп ашамын, өндіріс бастаймын деген адамға несие алу қиын. Құжат көп, талап қатаң. Ал тұтынушылық несиеге келгенде бәрі жеңіл. Бұл банктер үшін қауіпсіз, бірақ экономика үшін тиімсіз модель. Соңғы жылдары бөліп төлеу (рассрочка) мен жеңіл несие көбейіп кетті. Сырттай қарағанда бұл халыққа қолайлы сияқты. Бірақ шын мәнінде бұл – адамдарды қарызға үйрететін жүйе. Нәтижесінде табысы өспеген халықтың берешегі көбейіп барады. Банктер цифрландық деп жиі айтады. Бірақ клиентке қызмет көрсету сапасы әлі де сұрақ тудырады. Қарапайым мәселені шешу үшін бірнеше күн күту, жауапсыз колл-орталықтар, түсініксіз комиссиялар – бұл нарықтағы бәсекенің толық қалыптаспағанын көрсетеді. Тағы бір мәселе – ашықтық. Банктер қаржылық есептерін жариялағанымен, қарапайым адам үшін оның мазмұны түсініксіз. Нақты қанша табыс қайдан түсіп жатыр, қай бағытқа қанша несие беріліп жатыр – бұл ақпарат толық әрі ашық жеткізілмейді. Сондықтан бүгінгі банк жүйесі сырттай тұрақты көрінгенімен, ішінде шешілмеген мәселелер жеткілікті. Егер бұл бағыт өзгермесе, банктер экономиканың қозғаушы күші емес, тек қарызға тәуелді жүйенің негізгі элементі болып қала береді.