"Мен кінәмді ішінара мойындаймын".
Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген айып тағылған блогер Ерболат Жанәбілов сотта өз кінәсін ішінара мойындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Бүгінгі сот отырысында оның жауаптары тыңдалды. Процесс барысында қорғаушысы Гауһар Айтжанова айыпталушының ұстанымын нақтылап, кінәні толық немесе ішінара мойындайтынын сұрады. Жанәбілов өз кезегінде айыптың бір бөлігін ғана мойындайтынын айтты.
"Мен кінәмді ішінара мойындаймын. 214-бап бойынша мойындаймын, ал 218-бап бойынша мойындай алмаймын. Әкімшілік сот болған кезде бізге ештеңені түсіндірмеді, мұның дұрыс емес екенін, ережені бұзу екенін айтқан жоқ. Бізге тек: "Қол қойма, ертең қылмыстық іс болады" деді. Десе де, Ойын бизнесін реттеу комитетінде болған кезімде біз қол қоюға дайын едік. Мұндай істің қылмыстық деңгейге дейін ушығып кететінін білген жоқпын", – деді ол.
Сотталушы өз сөзінде бұл жағдайдың тек өзіне емес, отбасына да ауыр соққы болғанын жеткізді. Оның айтуынша, жақындары қатты күйзеліске түскен, ал кейбірінің денсаулығы нашарлаған.
"Өзімнің және жұбайымның бүкіл елге күлкі болғанын қаламаймын. Тек біз ғана емес, бүкіл әулетіміз, ата-анамыз қиналып жүр. Анам, әкем бар, апта сайын ауруханаға түсетін әжем бар", – деді блогер.
Жауап беру кезінде Ерболат Жанәбілов көз жасына ерік берді. Сол сәтте сот залында отырған жұбайы Эльмира Төлегенова да жылап жіберген.
"Жұбайымның жалғыз әжесі ғана қалды, ол кісі мүгедек, дұрыс жүре алмайды, жүрегі ауырады, демікпесі бар, жүрек ауруы өте күрделі. Жұбайымның ата-анасы жоқ — тек бір әжесі бар. Егер ертең ол кісіге бірдеңе болса, оған кім жауап береді?" – деді Жанәбілов.
Сондай-ақ, ол өзінің өмір жолына тоқталып, қарапайым отбасынан шыққанын айтты.
"Мен байдың баласы емеспін. 18 жыл бойы 13 шаршы метрде 6 адам тұратын жатақханада өмір сүрдім. Жұбайыммен де сол жатақханада таныстым. Ештеңеміз болған жоқ, бұл жолды бірге бастадық. Ал қазір бізді білмеймін, әйтеуір бір кісі өлтіруші, қылмыскер, алаяқ қылып көрсетіп жатыр. Бізді қалай көрсеткілері келсе, солай көрсетті. Осы 7 ай бойы біз үндемедік. Өйткені мұның бәрі ішімде жиналып қалды", – деді ол.
Блогердің айтуынша, ол жағдайдың не себепті осындай деңгейге жеткенін және неге дәл олардың отбасы қылмыстық іс нысанына айналғанын түсінбей отыр.
"Неге дәл біз екенін түсіне алмаймын. Бұл аналарымыз бен ата-аналарымызға өте ауыр тиіп жатыр. Мүмкін біреудің жолын кескен шығармыз, білмеймін. Менің орнымда кез келген адам болуы мүмкін. Бүгін болмаса, ертең. Тіпті жауыма да мұндай жағдайды және сот алдында осылай тұруды тілемеймін", – деді ол.