16.04.2026, 10:50

Қарағандыда экологиялық апат: Қоқыстар желмен ұшып, суға жетіп жатыр

Фото: видеодан скриншот

Көктем келсе де, таза дала орнына пластик пен құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр.

 

Қарағандының оңтүстік-шығысындағы бұрынғы қар үйіндісі аумағы қоқыс полигонына айналып кеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Көктем келсе де, таза дала орнына пластик пен құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. Жергілікті тұрғындар түсірген кадрларда қоқыстың ондаған гектарға жайылғаны анық көрінеді. Ең қауіптісі – жеңіл қалдықтар желмен ұшып, айналаны түгел ластап жатыр.

Бұл қоқыс Букпа өзеніне және Федоров су қоймасына дейін жетуі мүмкін деген қауіп бар. Сарапшылар мұндай жағдай экожүйеге ұзақ мерзімді зиян келтіретінін айтады. Ал аумақтың нақты кімнің бақылауында екені әлі белгісіз. Құзырлы органдардан әзірге нақты жауап та, әрекет те байқалмайды. Тұрғындар “қашан тазаланады?” деген сұраққа жауап талап етіп отыр.