Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, көпмиллионды қырғыз жұртының да рухани ұстазы еді.
Садыр Жапаров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атына көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қырғызстан басшысы жеделхатында қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Қазақ халқының ұлы перзенті, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі, Шыңғыс Айтматовтың досы әрі барша қырғыз жұртының жақыны – Мұхтар Шахановтың дүниеден озғаны туралы қаралы хабарды терең қайғымен қабылдадым», – делінген жеделхатта.
Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың тек қазақ халқы үшін ғана емес, қырғыз елі үшін де рухани тірек болғанын атап өтті.
«Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, көпмиллионды қырғыз жұртының да рухани ұстазы еді. Қырғыз қоғамы тағы бір асқар биігінен, рухани тірегінен айырылып, жүрегінің бір бөлшегін жоғалтқандай күй кешуде. Мұндай тұлғалар туралы “оның кетуімен бір дәуір аяқталды” деп айтады. Шынында да, Мұхтар ағаның өмірден өтуімен тұтас түркі дүниесі бір дәуірінен айырылды», – деді ол.
Сонымен қатар, Қырғызстан Президенті ақынның қайсарлығы мен азаматтық ұстанымына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Мұхтар Шаханов кеңестік кезеңнің өзінде және кейінгі жылдары да ел тағдырына қатысты мәселелерде шындықты ашық айтып, батыл позициясынан таймаған.
«Ол қандай қысым көрсе де, шегінген жоқ. Әсіресе, Желтоқсан оқиғасына қатысты ұстанымын ашық білдіріп отырды», – делінген жеделхатта.
Садыр Жапаров сондай-ақ Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов арасындағы достықтың қазақ-қырғыз бауырластығын нығайтудағы рөлін атап өтті.
Жеделхат соңында Қырғызстан Президенті қазақ халқына және ақынның жақындарына көңіл айтты.
«Құрметті қазақ бауырлар! Осындай ауыр сәтте бауырлас қазақ халқына және марқұмның туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын», – делінген құжатта.