Өрт сөндірушілер жалын жалпы аумағы 160 шаршы метр жерді қамтығанын мәлімдеді.
Тілсіз жау көпір құрылысындағы № 4 тірек маңайын шарпыған. Өрт сөндірушілер жалын жалпы аумағы 160 шаршы метр жерді қамтығанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ертіс өзені үстінен салынып жатқан жаңа автокөпір құрылысынан тағы да өрт шықты.
— Бүгін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің 101 пультіне салынып жатқан көпірде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел түрде жеткен сәтте жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкцияларының жанғаны анықталды. Өрт № 4 тірек маңында болған, — деп мәлімдеді облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Өрт ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасуы себепті оны ауыздықтау барысында біраз қиындықтар туындаған. Күрделі жағдайларға қарамастан, өрт сөндірушілер жалынды жедел түрде бақылауға алып, 160 шаршы метр аумақта қысқа мерзімде толықтай сөндірген.
— Өрттің одан әрі таралуына және көпір құрылымына жайылуына жол берілген жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр, — деп хабарлады департаменттен.