Павлодарлық Анастасия Кулик өз өмірі бір-ақ күнде өзгеріп шыға келетінін тіпті ойламаған еді. Жастайынан жетімдер үйінде тәрбиеленген ол мейірбан жандардың көмегінің арқасында көптен армандаған пәтерін сатып алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Анастасияның жасы 32-де. Жетімдер үйінде тәрбиеленген нәзік қыз жастайынан тағдыр тауқыметін бастан кешірді. Басында баспанасы, жанында көмектесетін бірде-бір жақын туысы жоқ ол мұңға жиі батып, қиындықтан шығатын жолды іздейтін. Қарызға батып алған пәтерінің құнын төлеу қорқынышқа айналды. Онсыз да аз жалақысы ішіп-жемінен артылмайтын. Бірде Настя Instagram-дағы парақшасында айналасындағы мейірбан адамдар көрер, естір деген үмітпен өзінің арманы жайында баяндады. Небәрі 5 мыңдай ғана жазылушысы бар оның бұл бейнеролигі сол сәтте ғаламторды шарлап, мыңдаған адамға тарап кететінін кім білген.
«Егер тым болмағанда 30 мың адам маған 200 теңгеден аударса, менің жеке пәтерім болар еді. Шағын ғана болса да мені шексіз қуанышқа бөлейтіні анық. Мен әлемге, ондағы адамдардың шексіз мейірбандығына сенемін» деген сөздері мыңдаған жүректі жылытқаны анық еді. Тығырыққа тірелген бойжеткеннің тағдырға сенуіне небәрі 24 сағат қана қажет болды. Бейнеролик жарияланған сәттен бастап мүлде бейтаныс адамдар оның есепшотына ақша аудара бастаған. Ал арада тәулік өткенде Анастасияның шотында бір пәтердің құнына жететін ақша жиналып қалды.
- Мұндай таңғажайып оқиға өмірімде пайда бола қалғанына әлі күнге сене алар емеспін. Әуел баста банктен мәжбүрлі түрде ақшалай несие рәсімдеген едім. Оған құны 5,5 млн теңге тұратын, аумағы 20,5 шаршы метр бір бөлмелі шағын пәтер сатып алдым. Ал қазақстандықтар маған бір тәулік ішінде 8 млн теңгеден астам қаражат жиып береді деп кім ойлаған!? 18 сәуір күні жиналған ақшадан банктен алған несиемді, яғни үйдің құнын толықтай өтедім. Қалған қаражаттың бір бөлігін пәтерімді жөндеуге жұмсап жатырмын. Сондай-ақ анам мен әжемнің зираттарының басындағы ескерткіштерін (крест) жаңалайтын ойым бар. Маған осы күндері көмек сұрап хабарласқандар бар. Қатерлі дертке шалдыққан екі адамға қаражат аудардым. Ал адамдар маған әлі күнге ақша аударуларын қояр емес. Сондықтан мен ақша жинауды тоқтаттым. Бұл уақытқа дейін маған көмек көрсеткен адамдарға алғысым шексіз! Мен мейірбан жандардың айналамызда көп екеніне шын мәнінде көз жеткіздім. Мен өзімнің әлі де өзгелерге керек екенімді жан дүниеммен сезіндім, - деп толғанды Анастасия.
Анастасия 8 жасқа толғанда анасы ауыр дерттен көз жұмып, ол балалар үйіне тәрбиеленеді. Анасының өлімі жанына қатты батқан бойжеткен ұзақ жылдар психологиялық күйзелісте жүрді. Дейтұрғанмен өмірге құштар қыз білім алуға ұмтылып, қатарластарының алды болуға тырысты. Әуелі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған № 1 мектеп – интернатында, одан соң № 2 мектеп-интернатында тәрбиеленді. Мектептен соң Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы көпсалалы колледжіне оқуға түсіп, режиссер мамандығын тәмамдайды. Өжет қыз одан соң құжаттарын Ресейдің Омбы мемлекеттік университетіне тапсырып, театр және кино актері мамандығын меңгеріп шығады.