$ 464.86  544.03  6.14

Мұхтар Шахановтың тағдырын дұшпаныма да тілемес едім - Жұмамұрат Шәмші (ВИДЕО)

Құдай Мұхтар Шаханов деген кісіге үйіп-төгіп бақ пен сорды берген. 

Тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам белсендісі Жұмамұрат Шәмші Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында жақында өмірден өткен ақын, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов туралы ойын ортаға салды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ол ең алдымен ақынның өмір жолының күрделі әрі қайшылықтарға толы болғанын атап өтті.

«Мұхтар Шахановтың қазақсына қатысты қалың қазақ жұртына қайғыра көңіл айтамыз. Құдай Мұхтар Шаханов деген кісіге үйіп-төгіп бақ пен сорды берген. Ол кісінің өмір жолын көп адам сыртынан білгенімен, іштей білетін мен ол кісінің өмірін дұшпаныма да тілемес едім. Шыр етіп дүниеге келгеннен тағдыры быт-шыт, алай-дүлей, айқай-шу, қоғамдық өмірінің өзі шытырман оқиға, айта берсең көп. Енді өмірден өткенде жерлеуі, өзі секілді, өмір жолы секілді айқай-шу. Мысалы осы деңгейлес Дулат Исабеков, Есмұқан Обаев сынды тұлғалар өмірден өткенде ың-шыңсыз өтті бәрі. Бұл кісінің жолы ешкімге ұқсамайтын шым-шытырық.

Ал енді Мұқаңның шығармаларына келер болсақ, поэзиясы бір әлем, ешкімге ұқсамайтын жолы бар. Оны мойындау керек. Кейбіреулер Мұхтар ағамызды Құдайға теңеп жатады, бірақ кешіріңіздер бұл кісі пенде, артық айтып кететін жерлері бар, шығармашылығына әңгімем жоқ, бірақ пенде адамның кемшін тұстары да жетіп артылады», – деді ол.

Сонымен қатар, сұхбат барысында тарихшы ақынның жаназа рәсіміне қатысты да пікір білдіріп, кейбір ұйымдастыру мәселелеріне көңілі толмағанын жасырмады.

«Енді Мұхтар ағамыздың жаназасына келер болсақ, қаралы жиынға барып қарным ашып келді. Жаназаны толығымен ұйымдастырған, барлық шығынды көтерген өңірдің кәсіпкері Сейітжанов деген кісі. Бірақ ығы-жығы адам, Шахановты танитыны бар танымайтыны қаншама. Көз көргендерге қарағанда толып жүрген жастар. Оларға не жоқ деген ой келді. Жаназадан кейінгі асқа жиналғанда үлкендерге орын жетпей қалды, себебі жастар отырып алған, жиынды жүргізген асаба тойды жүргізіп жатқандай әсер қалдырды. Сөз ырғағы деген мүлдем жоқ. Көріп тұрып қарның ашады. «Адам ұрпағымен мың жасайды», дейді, қаралы жиын кезінде Мұхтар ағамыздың қайтыс болған қос ұлының балаларын шығарып, жұртқа көрсету керек еді. Бірақ мұндай рәсімнің бірі де болмады, тек қыздарын ғана көпшілікке көрсетті», – деп қынжылды ол.

Сондай-ақ Жұмамұрат Шәмші марқұмның артынан айтылып жатқан пікірлерге де тоқталып, қоғамды сабыр сақтауға шақырды.

«Кейбір кісілер әлеуметтік желіде аузына келгенін айтып жатыр ғой. Көріп, тыңдап отырмыз, ұят болады. Серікжан Біләш та айтып жатыр, Қасен Қожахмет те айтып жатыр, аузы бардың бәрі айтып жатыр нешетүрліні. Құдайдан үмітіңіз бар болса әруақ туралы жаман сөз сөйлемеңіздер, ұят болады. Ертең не болатынын Құдайдан басқа ешкім білмейді, ойланып сөйлеңіздер! Бұл өмірдің жалған екені бесенеден белгілі. Бірақ адам бірдеңе айтарда ақылға, парасатқа, білімге салғаны дұрыс. Бұл мәдениетсіздіктің айғағы!», – деп қорытындылады ол.

Айта кетейік, Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, қоғамда түрлі пікірталас тудырған тұлғалардың бірі болды. Оның шығармашылығы мен қоғамдық қызметі әлі де көпшілік талқысында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0