$ 460.8  541.21  6.13

Астанада 2000 оқушы бір мезетте «Алтын ұя» күйін орындады

Оқушылар домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, флейта және скрипка секілді ұлттық және классикалық аспаптарда ойнады.

Фото: Астана қаласының әкімдігі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

 

Астанада EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында ауқымды музыкалық флешмоб өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Іс-шараға қала мектептерінен 2000-ға жуық оқушылар қатысып, олар бір мезетте күйші-композитор Қаршыға Ахмедияровтың «Алтын ұя» күйін орындады.

Оқушылар домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, сазсырнай, флейта және скрипка секілді ұлттық және классикалық аспаптарда ойнады.

Музыкалық флешмобқа елордадағы өнер және музыкалық мектептердің, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдарының 10-16 жас аралығындағы тәрбиеленушілері қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясын музыка арқылы жеткізу. Әртүрлі аспаптың үні бір арнаға тоғысып, көпұлтты елдің бірлігін бейнеледі.

Флешмобқа қатысқан оқушылар да өз әсерлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, «Алтын ұя» күйін орындау туған жерге деген сүйіспеншілікті сезінуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, «Алтын ұя» күйі Отанға, туған жерге деген сағыныш пен махаббатты бейнелейтін туынды саналады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0