Жаңа түзетулерге сәйкес, жолаушылар музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды, арнайы футлярда қол жүгі ретінде ұшақ салонына алып кіре алады.
Қазақстанда жолаушылардың музыкалық аспаптарды ұшақ салонында алып жүру тәртібі алғаш рет нақты реттелмек. Тиісті өзгерістерді Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі қолданыстағы әуе тасымалы қағидаларына енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жаңа түзетулерге сәйкес, жолаушылар музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды, арнайы футлярда қол жүгі ретінде ұшақ салонына алып кіре алады. Бұл үшін аспаптың өлшемі 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 келіден аспауы тиіс.
Ережеге сай, егер жолаушы тек бір музыкалық аспапты (мысалы, домбыраны) ғана алып жүрсе, оны тасымалдау тегін болады. Ал аспап қол жүгінің қосымша бірлігі ретінде рәсімделсе, белгіленген нормадан асқан жағдайда әуе компаниясының тарифіне сәйкес ақы төленеді.
Министрлік мәліметінше, өзгерістер азаматтардың өтініштері негізінде әзірленген. Негізгі мақсат – жолаушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру және әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібін жетілдіру.
Жаңа талаптарды 2026 жылдың мамыр айының соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.