$ 462.91  542.16  6.16

Қазақстан халқының саны жөнінде жаңа деректер жарияланды

1 қаңтар мен 1 сәуір аралығында 42 879 бала өмірге келген, сондай-ақ 5 208 азамат елімізге қоныс аударған.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Қазақстан халқының саны 20 547 909 адамға жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 48 087 кісіге артқан, яғни өсім қарқыны 0,23% деңгейінде қалып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 1 қаңтар мен 1 сәуір аралығында 42 879 бала өмірге келген, сондай-ақ 5 208 азамат елімізге қоныс аударған.

Оң динамика, әсіресе, шаһарларда байқалады. Қазір қалаларда 13 137 950 жан тұрады, яғни бұл көрсеткіш 52 840 адамға көбейген. Ал өсім қарқыны — 0,4%, демек республикадағы орташа деңгейден жоғары. Қалалықтардың саны артуына сәбилердің дүниеге келуі мен елді мекендерден жұрттың көшуі қатар әсер еткен.

Ауыл бұқарасының саны, керісінше, азайып барады. Бүгінде ауылдық жерлерде 7 409 959 кісі тұрады, яғни жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда, 4 753 адамға аз. Елді мекендерде 16 816 сәби туғанмен, көрсеткіш жақсармай отыр. Өйткені, 21 569 азамат ауылдардан көшіп кеткен.

Өңірлер арасында бұқараның көбеюі жағынан Астана (1,44%), Шымкент (0,68%) және Алматы облысы (0,62%) көш бастап тұр. Ал бала туу көрсеткіші тұрғысынан Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тізімнің ең басында.

Миграциялық үдерістер де әр аймақта әртүрлі деңгейде. Халқы ең көп көшіп кеткен өңірлер ретінде Түркістан және Жамбыл облыстарын атауға болады. Ал жұрт ең көп көшіп келген шаһар — Астана. Елордаға 18 мыңнан астам азамат қоныс аударған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0