05.05.2026, 15:20

Ақтөбе тұрғыны туған анасын тепкілеп, қабырғасын сындырған

Фото: Pixabay

Оқиға қыс мезгілінде болған: ер адам үйіне мас күйінде келіп, анасын құрбысымен бірге дастархан басында отырған жерінен көреді.

Ақтөбеде өз анасын аяусыз соққыға жыққан 35 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Оқиға қыс мезгілінде болған: ер адам үйіне мас күйінде келіп, анасын құрбысымен бірге дастархан басында отырған жерінен көреді.

Ол қонағының бетінен екі рет жұдырықпен ұрып, үстелді аударып жібереді. Анасы құрбысын қорғап араша түскен кезде, ұлы оған да шабуыл жасаған: бетінен ұрып, жерге құлатып, қабырғаларынан тепкілеген, кейін көтеріп алып, тұншықтыра бастаған. Әйелдің тынысы тарылып, ұлынан тоқтауын өтінген.

Зардап шеккендер сыртқа шығып, полиция шақырып үлгерген. Сот-медициналық сараптама анасының екі қабырғасы сынғанын анықтады. Айыптау орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабы бойынша тағылды.

Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, болған жайтты анасының ішімдік ішкенімен байланыстырған. Өзі де мас күйде болған. Жәбірленуші оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндағанымен, кейін істі тоқтатуды сұрап, ұлын кешіретінін айтқан.

Сот айыпталушыны 400 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесті. Үкім жарияланғаннан кейін ол бірден қамаудан босатылды. Осыған дейін ол екі ай тергеу изоляторында болған.