Шенеуніктің қазасы туралы ақпаратты аудан әкімдігі растады.
Ақтөбе облысында Темір ауданына қарасты Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Қуанышбек Серікжанов өзіне қол жұмсады. Бұл туралы Sn.kz ақпарат порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеп хабарлайды хабарлады.
43 жастағы шенеуніктің денесі 6 мамыр күні таңертең өз үйінен табылған.
Шенеуніктің қазасы туралы ақпаратты аудан әкімдігі растады. Ал полиция нақты мәліметтерді жарияламай, сотқа дейінгі тергеу басталғанын ғана мәлімдеді.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, Қуанышбек Серікжанов соңғы апталарда ем қабылдап жүрген және жұмыстан кетуді жоспарлаған.
"Әріптесіміз бұған дейін еңбек демалысында болды, кейін емделді. 4 мамыр күні келіп: «Ауырып жүрмін, енді жұмысқа шықпаймын», – деді. Біз оған ойланып көруге уақыт бердік. Өзі жақсы адам, жақсы әріптес еді", – деді Жақсылықов.
Қуанышбек Серікжанов Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі қызметіне 2023 жылдың қазан айында тағайындалған. Мемлекеттік қызметте 2014 жылдан бері еңбек еткен. Артында төрт баласы қалды.
Айта кетейік, Темір ауданында соңғы айларда мұндай жағдай екінші рет тіркеліп отыр. 2025 жылдың желтоқсанында Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетовтің де қайтыс болғаны белгілі болған еді. Ол кезде де шенеуніктің өзіне қол жұмсағаны хабарланған.