Құрылтай барысында саясаттанушы Марат Шибұтов партияның идеологиялық ұстанымдары мен негізгі қағидаттарына кеңірек тоқталды.
Астанада өтіп жатқан «Әділет» партиясының құрылтай съезінде ұйымның ресми бағдарламасы бекітілді. Құжатта денсаулық сақтау, білім беру, ғылымды дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Партия бағдарламасында адами капиталды дамыту, заң үстемдігін нығайту, өңірлердің теңгерімді дамуы мен әділетті қоғам қалыптастыру мәселелеріне ерекше басымдық берілген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Құрылтай барысында саясаттанушы Марат Шибұтов партияның идеологиялық ұстанымдары мен негізгі қағидаттарына кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, «Әділет» партиясы өз қызметін әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс қағидаттарына негіздемек.
"Ең алдымен бағдарламаның ерекшелігіне назар аудару керек. «Әділет» партиясы әділдік идеологиясына және жаңа Конституция құндылықтарына сүйенетінін ашық көрсетіп отыр. Бұл – нақты міндеттемелерді мойнына алу деген сөз. Бағдарлама болашақтың іргетасына айналуы тиіс қағидаттарға құрылған. Партияның басты тіректері – әділдік, отаншылдық, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс. Әділдік дегеніміз – баршаға тең мүмкіндік беру, мемлекеттің қоғамға адал болуы және әр азаматтың құқығын қорғау. Ал отаншылдық тек елді жақсы көру емес, мемлекет дамуы үшін аянбай еңбек етуге дайын болу", – деді саясаттанушы.
Сондай-ақ ол еңбекқорлық ұғымы адал еңбекке құрметпен қарап, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген азаматтарды қолдауды білдіретінін айтты. Спикердің сөзінше, жауапкершілік тек билікке ғана емес, қоғамның әр мүшесіне де ортақ қағида болуы тиіс. Ал прогресс – жаңғыруға ұмтылу мен ескірген тәсілдерден бас тарту дегенді білдіреді. Құрылтайда партияның қандай құбылыстарға қарсы күресетіні де айтылды. Ұйым мемлекеттік басқаруда популизмге, жауапсыздыққа және жалған белсенділікке қарсы екенін мәлімдеді.
"Әдемі ұрандар мен көзбояушылықтың орнына қоғам нақты нәтиже көруі керек деген ұстаным бар. Экономикалық жүйе тұтас қоғамның мүддесіне қызмет етуі тиіс. Әлеуметтік салада мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды қолдауы қажет. Сонымен қатар еңбек пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру маңызды", – деп түсіндірді Марат Шибұтов.
Партия бағдарламасында кемсітушіліктің кез келген түріне қарсы екені де көрсетілген. Қоғамда әлеуметтік жағдайына, тіліне, шыққан тегіне немесе өзге де ерекшеліктеріне қарай адамдарды бөлуге жол берілмеуі тиіс екені айтылды. Сондай-ақ партия құқықтық нигилизмге, алауыздықты қоздыруға және архаикалық көзқарастарға қарсы күрес жүргізетінін мәлімдеді. Ұйым өкілдерінің пікірінше, Қазақстан қоғамы заң мен тәртіпке, өзара құрмет пен азаматтық келісімге сүйеніп дамуы қажет.