07.05.2026, 17:00

«Бұл есімдерге ақыл да, атақ та таңсық емес»: Алмас Алтай «Әділет» партиясының құрамы туралы

Фото: Алмас Алтай фейсбук парақшасынан

Алмас Алтай жаңа саяси ұйым өзін азаматтардың тікелей қатысуына негізделген қоғамдық бірлестік ретінде таныстырғанын жеткізді.

Қоғам белсендісі, журналист Алмас Алтай Астанада өткен “Әділет” партиясының құрылтай съезіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Ол партия төрағасы болып сайланған Айбек Дәдебайға тоқталып, жаңа саяси ұйымның бағытына оң бағасын берген.

“Күні кеше Ақордадағы қызметін Скллярға тапсырған Айбек Дәдебай бүгін “Әділет” партиясының төрағасы болып сайланды!!! Осыдан жарты сағат бұрын ғана құрылтайға жиналған делегаттар жаңа партия құру туралы бастаманы толық қолдап дауыс берген. Енді міне өздеріне төраға да сайлап үлгеріпті. Төраға болғанда қандай төраға” – деп жазды ол.

Алмас Алтай жаңа саяси ұйым өзін азаматтардың тікелей қатысуына негізделген қоғамдық бірлестік ретінде таныстырғанын жеткізді.

“Жаңа саяси ұйым өзін “жоғарыдан басқарылатын жоба” емес, азаматтардың тікелей қатысуына негізделген қоғамдық бірлестік ретінде таныстырды”, – деп жазды ол.

Сонымен бірге ол партия құрамындағы белгілі тұлғаларды атап өтіп, олардың ел дамуына үлес қоса алатынын айтты.

“Расында, “Әділеттің” құрамына қарасаң, көзің тояды. Бір ғана Нұрбек Мәтжанидың өзі неге тұрады? Айбек Дәдебай! Раушан Қажыбаев! Андрей Лаврентьев! Бағдат Мусин! Бұл есімдерге ақыл да, ақша да, атақ та таңсық емес. Осының бәрін ел игілігіне жұмсар болса, ғажап емес пе?!” – деді журналист.