Бұл жолы ол өзіне қатысты қорлайтын мәлімдемелер жариялады деп, Бишімбаевтың қарындасы Аружан Бишімбаева үстінен шағым түсірген.
Сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаев ісіне байланысты марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаевтар отбасымен тағы да сотта кездесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Астана қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты Айтбек Амангелдінің Аружан Бишімбаеваға қарсы берген талабын қарап, шешім шығарды. Іс құжаттарына сәйкес, 2025 жылы 11 қарашада Аружан Бишімбаева Instagram желісіндегі парақшасында Айтбек Амангелдіге қатысты бірнеше сторис жариялаған.
Жарияланған жазбаларда Айтбек Амангелді қарындасы Салтанат Нүкенованың өлімін қоғамның жанашырлық сезімін ояту құралы ретінде пайдаланып, сол арқылы пайда табуға тырысады деген мазмұндағы пікірлер айтылған.
Сот отырысында талапкер бұл мәлімдемелер өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мәлімдеген. Ал жауапкер жарияланған пікірлерді жеке көзқарас әрі субъективті бағалау деп түсіндірген.
Психологиялық-филологиялық сараптама нәтижесіне сүйенген сот жарияланған мәтіндерде «жағымсыз сипаттағы мәліметтер» бар деген қорытындыға келген.
Сот құжатында қолданылған лексикалық және синтаксистік құрылымдар адресатқа қатысты теріс пікір қалыптастыруға бағытталғаны, сондай-ақ мәтіндерде Айтбек Амангелдінің ар-намысы мен қадір-қасиетін төмендететін белгілер бар екені көрсетілген.
Сот шешімімен Аружан Бишімбаева Instagram парақшасында аталған мәліметтерді жоққа шығаратын сторис жариялауға міндеттелді.
Сонымен қатар сот талапкердің пайдасына 100 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіруді, 502 764 теңге сараптама шығынын, 125 мың теңге сот сараптамасы үшін кеткен шығынды және 500 мың теңге адвокат қызметіне жұмсалған қаражатты өтеуді міндеттеді.