$ 461.26  542.58  6.18

Кіші Талдықөл төңірегіндегі жағдай қайта ушығып тұр: құрылыс, қоқыс және су қорғау аймақтары мәселесі қызу талқылануда

Осыған байланысты ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ресми түсініктеме берді.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Астана маңындағы Кіші Талдықөл айналасындағы экологиялық ахуалға қатысты қоғамда жаңа толқындағы сын күшейіп отыр. Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарда көл жағалауының қоқыс пен құрылыс қалдықтарына толып жатқаны көрсетіліп, бұл жағдай кең резонанс тудырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Осыған байланысты ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров ресми түсініктеме берді.

Ведомство өкілінің айтуынша, Кіші Талдықөл аумағы бойынша Есіл бассейндік инспекциясы тарапынан бірнеше рет тексеру жүргізілген. Тексерулер нәтижесінде заңсыз су алу деректері анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қабылданған. Сонымен қатар, министрлік су қорғау аймақтарын белгілеу мәселесі бойынша жергілікті әкімдікке нақты тапсырма бергенін атап өтті.

«Сот шешімдеріне сәйкес, су қорғау белдеулерін белгілеу және оларды бекіту бойынша әкімдікке тиісті нұсқау берілді», – деді Нұрлан Алдамжаров.

Алайда экологиялық белсенділер мен жергілікті тұрғындар бұл шаралардың жеткіліксіз екенін айтып отыр. Олардың пікірінше, кейбір құрылыс компаниялары су қорғау аймақтары толық белгіленбей тұрып-ақ құрылыс жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жағдай қоғам тарапынан заңнаманың орындалуына қатысты сұрақтарды күшейтіп отыр.

Қазіргі таңда Кіші Талдықөл айналасындағы экологиялық жағдай мен құрылыс қызметіне қатысты пікірталас жалғасуда. Сарапшылар бұл мәселе тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қатаң бақылауды қажет ететінін алға тартады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0