$ 463.91  544.63  6.26

Атыраудағы 4 адамның өлімі: Қанды қылмысқа Ақбаян Мұқанғалиеваның қатысы жоқ болып шықты

Сараптама қорытындысы дайын деген ақпарат бар.

Фото: видео скриншот
Фото: видео скриншот

Белгілі болғандай, Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасы мүшелерінің қызы әрі қарындасы, Сұлтан Сәрсемалиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева олардың өліміне қатысы жоқ, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекеттерінен кісі өлтіруге қатысты құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.

"Ол кісі өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Алайда қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Бірақ бұл бойынша әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ", – деді Жандар Болатбек.

Прокурордың айтуынша, оның психикалық жағдайына байланысты Алматыда психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда сараптама қорытындысы прокуратураға әлі түспеген.

"Сараптама қорытындысы дайын деген ақпарат бар. Бірақ бізге әлі келіп түскен жоқ. Қорытынды келгеннен кейін жан-жақты зерттеледі. Қажет болған жағдайда қосымша сараптама тағайындалады", – деп қосты ол.

Яғни, оның әрекеттеріне құқықтық баға психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі. Соңғы мәліметтер бойынша, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдан Атырауға оралып, облыстық психиатриялық орталықта жатыр.

Төрт адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Іс ашық форматта қаралады.

Айта кетейік, өткен аптада Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған еді.

Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (екі және одан көп адамды өлтіру), сондай-ақ 188 және 190-баптары (мал сату және банк карталарын жымқыру) бойынша айып тағылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0