14.05.2026, 10:30

Автонесие арқылы байыған банктер: Қаржы ұйымдары елді қаржылық дағдарысқа жақындатып жатыр

Фото: ЖИ

Биыл барлығы 21 банк тексеруден өтті.

Қазақстанның банк секторында алаңдатарлық үрдістер күшейіп келеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) 2025 жылғы SREP бағалауы еліміздегі екінші деңгейлі банктердің тәуекел деңгейі өсіп жатқанын ашық көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Биыл барлығы 21 банк тексеруден өтті. Агенттік банктерге 991 сұрақ жолдап, 84 сағаттық сұхбат өткізіп, 36 мыңнан астам құжатты талдаған. Соның нәтижесінде небәрі жеті банк қана «төмен тәуекел» санатына енген. Тағы жеті банк «орташа төмен» деңгейде бағаланса, бес банк «орташа жоғары» тәуекел тобына кірді. Ал екі банкке «жоғары тәуекел» деңгейі берілді. Ең алаңдатарлығы - бір жылдың ішінде ең сенімді банктердің үлесі 43 пайыздан 33 пайызға дейін төмендеген. Керісінше, тәуекелі жоғары банктердің саны артып келеді. Бұдан бөлек, ҚНРДА 13 банкке қатысты 21 қадағалау шарасын қолданған. Банктерге анықталған кемшіліктерді жою үшін 500 тапсырма берілгенімен, соның тек 70 пайызы ғана орындалған. Бұл - банк жүйесіндегі проблемалардың уақытша емес, жүйелі сипат алғанын көрсетеді. Қазақстанның банк жүйесі соңғы жылдары сырт көзге тұрақты әрі табысты болып көрінгенімен, шын мәнінде оның ішкі құрылымында қордаланған проблемалар аз емес. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің соңғы SREP бағалауы осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе автонесиелеу саласындағы шамадан тыс тәуекелдер, корпоративтік басқарудың әлсіздігі және стресс-сценарийлерге дайындықтың төмендігі - еліміздің банк секторында жүйелі мәселелердің бар екенін айқын көрсетті.

Жарты ғасыр бойы қаржы жүйесінің түрлі кезеңдерін көрген маман ретінде ашық айтуға болады: бүгінгі қазақстандық банктердің басты мәселесі - олардың экономиканы дамыту құралы болудан қалып, халықтың қарызға тәуелділігінен пайда табатын коммерциялық механизмге айналып кетуі. Банктердің басым бөлігі нақты өндірісті, шағын және орта бизнесті ұзақ мерзімге қаржыландыруға құлықсыз. Оның орнына тәуекелі жоғары болса да, табысы тез түсетін тұтынушылық және автонесиелерге басымдық беріп отыр.

Автонесиелеудің шамадан тыс өсуі - өте қауіпті үрдіс. Себебі бұл халықтың нақты табысы артқандықтан емес, азаматтардың күнкөріс деңгейін сақтау үшін қарызға жаппай жүгінуінен туындап отыр. Бүгінде көлік алу көп жағдайда қажеттіліктен туған амалға айналды. Ал банктер осы әлеуметтік қажеттілікті тиімді бизнес көзіне айналдырып алды. Несие рәсімдеу жеңілдеген сайын, тәуекел де ұлғая береді. Бірақ банктердің көбі клиенттің ұзақ мерзімді төлем қабілетін терең талдауға емес, несиені тезірек рәсімдеп, пайыздық табыс табуға мүдделі.

Соңғы жылдары банктердің жарнамасына назар аударсаңыз, «5 минутта несие», «табыс растаусыз рәсімдеу», «жеңіл мақұлдау» деген ұрандар көбейді. Бұл - қаржы мәдениетін көтеру емес, керісінше халықты қарыз психологиясына бейімдеу. Өкінішке қарай, банктер азаматтың қаржылық тұрақтылығынан бұрын, өзінің қысқа мерзімді пайдасын көбірек ойлайтын деңгейге жетті.

SREP қорытындысында айтылған скоринг жүйелерінің әлсіздігі де өте маңызды мәселе. Көптеген банктер тәуекелді бағалау кезінде шынайы экономикалық ахуалды емес, жасанды түрде «жұмсартылған» сценарийлерді пайдаланады. Яғни олар дағдарыс, жұмыссыздықтың өсуі, инфляцияның күшеюі немесе халық табысының төмендеуі сияқты факторлардың ықпалын толық есептемейді. Бұл - уақытша табысты сақтап қалудың ғана амалы. Бірақ мұндай саясат ертең проблемалық несиелердің көбеюіне алып келуі мүмкін.

Бұдан да қауіптісі - корпоративтік басқару мәдениетінің әлсіздігі. Директорлар кеңесі мүшелерінің бірнеше қызметті қатар атқаруы, шешімдердің сырттай қабылдануы банктердегі кәсіби бақылаудың төмендігін көрсетеді. Қаржы саласында формальді жиналыстар мен қағаз жүзіндегі бақылау ешқашан тиімді нәтиже берген емес. Банк жүйесінде тәуелсіз пікір айтатын, тәуекелді ашық көрсететін кәсіби орта қалыптаспайынша, мұндай кемшіліктер жалғаса береді.

Қазақстан банктерінің тағы бір осал тұсы - экономиканың нақты секторынан алшақтығы. Дамыған елдерде банктер өнеркәсіпті, технологияны, аграрлық секторды және экспортты қаржыландырудың негізгі тірегі саналады. Ал бізде банктердің негізгі табысы халыққа берілген несиеден түседі. Бұл өте қауіпті модель. Себебі халықтың төлем қабілеті әлсіресе, бүкіл банк жүйесінің тұрақтылығы шайқалуы мүмкін.

Қазіргі таңда көптеген банктер рекордтық пайда жариялап жатыр. Бірақ сол пайданың қандай жолмен келгеніне терең үңілу қажет. Егер табыс халықтың шамадан тыс қарыздануы, жоғары пайыздық мөлшерлеме және комиссиялық алымдар арқылы қалыптасса, бұл ұзақ мерзімді тұрақтылықтың белгісі емес. Керісінше, әлеуметтік тәуекелдің ұлғайғанын білдіреді.

Тағы бір маңызды мәселе - банктердің әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігі. Қаржы ұйымдары өздерін экономиканың серіктесі ретінде емес, тек коммерциялық құрылым ретінде ұстайды. Қарапайым халық үшін несие шарттары күрделі, пайыздық есептеулер түсініксіз, ал айыппұлдар мен өсімпұлдар тым ауыр. Көп жағдайда клиент банкпен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алмайды. Бұл жерде қаржы институттары мен қоғам арасындағы сенім мәселесі туындайды.

Реттеуші органның банктерге қатысты нақты атауларды жарияламауы да қоғамда күмән тудырады. Егер қаржы жүйесінде тәуекелі жоғары банктер бар болса, халық оның қай банк екенін білуге құқылы. Ашықтық болмайынша, нарықтағы тәртіп те толық қалыптаспайды. Өйткені жауапкершілік жариялылықтан басталады. Қазақстан банк жүйесіне қазір косметикалық емес, терең институционалдық реформа қажет. Біріншіден, банктердің табысын тек тұтынушылық несиеден емес, экономиканың нақты секторын қаржыландыру арқылы қалыптастыруға жағдай жасалуы керек. Екіншіден, тәуекелді бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға сай қайта қаралуы тиіс. Үшіншіден, корпоративтік басқаруға қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Төртіншіден, халықтың қаржылық сауатын арттыру мемлекеттік деңгейдегі басым бағытқа айналуы керек.

Ең бастысы - банк жүйесі халықтың әлсіздігін пайдаланып пайда табатын құрылым емес, ел экономикасының дамуына қызмет ететін сенімді институт болуы тиіс. Әйтпесе бүгінгі автонесиеге негізделген жасанды өсім ертең үлкен әлеуметтік және қаржылық дағдарысқа алып келуі ғажап емес.