14.05.2026, 10:50

«Қадірлі бауырым»: Тоқаев Ердоғанмен кездесуінен фото жариялады

Фото: instagram.com/tokayev_online

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында  жариялаған. 

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен бірге түскен фотосын жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

"Қадірлі бауырым Режеп Тайип Ердоғанмен резиденциямдағы емен-жарқын әңгімелесу сәтінен", - делінген фото сипаттамасында.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 13 мамырда елімізге мемлекеттік сапармен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған келді. Бауырлас елдің басшысын Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан қарсы алды. Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағандай, 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының бейресми саммиті ұйымдастырылады. 

Жиында "Жасанды интеллект және цифрлық даму" тақырыбы талқыланады.