$ 467.63  547.69  6.36

Қазақстандықтардың 250 млрд теңге қарызы кешіріледі

Ресми мәліметке сәйкес, заң күшіне енгеннен бері 66 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған.

Фото: Depositsphotos.com
Фото: Depositsphotos.com

2023 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң азаматтарға қарыз жүктемесін азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы Сенат отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сисембаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ресми мәліметке сәйкес, заң күшіне енгеннен бері 66 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған.

Атап айтқанда, мемлекеттік кірістер органдары арқылы 65 765 азамат банкрот деп танылып, олардың 134,8 млрд теңге қарызы есептен шығарылған. Ал сот тәртібімен 632 азамат банкрот деп танылып, 115 млрд теңге қарызы жойылған.

Жалпы алғанда, 66 397 азаматтың шамамен 250 млрд теңге қарызы есептен шығарылған.

Сонымен қатар 1 118 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолданған.

Меруерт Сисембаеваның айтуынша, заң бірнеше рет жетілдірілген. Соңғы өзгерістер нәтижесінде рәсімдерді қолдану тәртібі жеңілдетіліп, бірқатар талаптар алынып тасталған. Сондай-ақ борышкерлер үшін өтініш беру процесі оңтайландырылып, кей санаттар үшін банкроттық мерзімі қысқартылған.

Дегенмен мамандар бірқатар түйткілдердің әлі де бар екенін атап өтті.

Біріншіден, кей азаматтардың иелігінде құны өте төмен ETN бағалы қағаздарының болуы банкроттық рәсімінен өтуге кедергі келтіреді. Көп жағдайда азаматтар мұндай активтердің бар екенін білмейді.

Екіншіден, қаржы ұйымдарының заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілігі нақты айқындалмаған.

Үшіншіден, кей банктер мен қаржы ұйымдары мемлекеттік органдардың шешімдеріне жиі шағым түсіріп, қосымша тексерістер жүргізуді талап етеді.

Сарапшылардың айтуынша, банкроттық туралы заң азаматтарға қарыздан құтылуға нақты мүмкіндік бергенімен, оны одан әрі жетілдіру қажет. Сондай-ақ қаржы секторымен өзара жұмысты күшейту маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0