$ 474.04  555.01  6.45

20 жылдағы трансформация: «Самұрық-Қазына» сатып алу жүйесі қалай өзгерді

Бұл туралы саясаткер Данияр Әшімбаев желідегі парақшасында жазды. 

Фото: Егемен Қазақстан
Фото: Егемен Қазақстан

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына биыл 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде қордың сатып алу жүйесі қалай өзгергеніне көз жүгіртіп көрейік, деп хабарлайды  Sn.kz ақпарат порталы.

Кәсіпкерлер, депутаттар, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік аппарат арасында дәл осы тақырыптай қызу пікірталас тудыратын мәселе кемде-кем шығар. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жолдауларында да бірнеше рет көтерілді.

2020 жылдың қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаев «ұлттық компаниялардың сатып алулары әлі де ашық емес және қарапайым кәсіпкерлер үшін қолжетімсіз болып отыр» деп сын айтқан еді. Сондай-ақ ол квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуына ортақ бірыңғай заң әзірлеуді тапсырды.

Екі жылдан кейін Президент бұл мәселеге қайта оралып: «Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатып алуларын бірыңғай платформаға көшіру қажет. Бұл тәсілдерді жүзеге асыру үшін жаңа заң қабылдау керек», – деді.

2024 жылғы «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» жарлықта Тоқаев қорға сатып алу жүйесін процестердің ашықтығын арттыру және ел ішіндегі құндылық үлесін көбейту тұрғысынан қайта қарауды тапсырды.

Бұл тапсырмалар бойынша ешқандай өзгеріс болмады деуге келмейді. Керісінше, «Самұрық-Қазына» оң динамика бар екенін мәлімдеп келеді.

Шынында да, сатып алу рәсімдері біртіндеп жетілдіріліп, қағазбастылықтан заманауи цифрлық экожүйеге дейінгі күрделі жолдан өтті. Бұл өзгерістер тек ашықтық пен тиімділікті ғана емес, сонымен қатар қазақстандық өндірушілерді қолдау, шағын және орта бизнеске жеңілдіктер беру, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу секілді стратегиялық міндеттерді де қамтыды.

Қазір «Самұрық» тобының сатып алу рәсімдерінде осындай қолдаудың 16 тетігі жұмыс істейді. Олардың қатарында отандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алу, кепілдіктің барлық түрінен босату, 30 пайыз көлемінде міндетті аванс төлеу, төлем мерзімін 5 жұмыс күніне дейін қысқарту және басқа да шаралар бар.

2018 жылдан бастап қор жаңа өндірістерді ашуға жәрдемдесу бағдарламасын іске қосты. Оның қағидаты қарапайым: кәсіпкер жаңа өндіріс ашуға міндеттенеді, ал қор оффтейк-келісімшарттар арқылы ұзақ мерзімді сұранысқа кепілдік береді.

Бағдарлама аясында бүгінге дейін 104 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 600 млрд теңгеден асатын 1200-ден астам келісімшарт жасалған. Бағдарлама машина жасау, химия және жиһаз өнеркәсібі секілді салаларды қамтыды.

Қор сарапшыларының бағалауынша, бұл бастама шамамен 3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және 329 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік берген.

Импортты алмастыруға арналған тауарлардың үнемі жаңартылып отыратын пулына бүгінде шамамен 800 млрд теңгені құрайтын 3500-ден астам тауар түрі енгізілген.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың көлемі шамамен 2,2 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 240 млрд теңгеден астамы жұмыстар мен қызметтерді орындау кезінде қазақстандық тауарларды сатып алуға тиесілі болды.

2013 жылы қор сатып алу тетігін цифрлық трансформациялау бағдарламасын бастап, алғашқы электронды сатып алу ақпараттық жүйесін (ЭСАЖ) енгізді. Бұл қағаз түріндегі рәсімдерден толық цифрлық форматқа көшуге мүмкіндік берді. Ал 2019 жылы жаңартылған ЭСАЖ 2.0 платформасы іске қосылып, жоспарлаудан бастап келісімшарттарды орындауға дейінгі барлық цикл автоматтандырылды.

Сондай-ақ прокуратурамен, Жоғары аудиторлық палатамен, Қаржы мониторингі агенттігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және профильдік министрліктермен тұрақты дерек алмасу жүйесі жолға қойылды. Бұл жүйенің тиімді бақылауын қамтамасыз етті.

Тіркелген жеткізушілер саны алты еседен астам өсті.

2024 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азия даму банкі өңірде алғаш рет өздері қаржыландыратын жобаларда «Самұрық-Қазынаның» сатып алу тәртібін қолдана бастады.

ЕҚДБ президенті Одиль Рено-Бассо Мемлекет басшысымен кездесуде қордың сатып алу рәсімдеріне оң баға беріп, несие алушы компаниялардың сатып алуды қор ережелері бойынша жүргізуі бұл жүйенің ашықтығы мен сенімділігін көрсететінін атап өтті.

2025 жылы Үкімет ЭСАЖ-дың сәтті тәжірибесін энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа платформа құру үшін қолдану туралы шешім қабылдады.

Соңғы уақытта «Самұрық» жүйесінде сатып алу процесін одан әрі оңтайландыруға бағытталған жасанды интеллект алгоритмдері де белсенді енгізіліп жатыр.

Әрине, мінсіз жүйе құру мүмкін емес. Дегенмен қор өзіне жүктелген негізгі міндеттердің басым бөлігін орындай алатын жобаны қалыптастыра алғаны үміт ұялатады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0