16.05.2026, 10:30

Шымкентте зорланбақ болғанын айтқан 23 жастағы қыз изоляторда көз жұмды

Фото: Атырау газеті

Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталып жатыр.

Шымкентте 23 жастағы Сания Жұбанышева уақытша ұстау изоляторында көз жұмды. Ол жасөспірімді пышақтады деген күдікпен қамауға алынған еді. Алайда марқұмның адвокаты тергеу оның айтқан уәждеріне назар аудармағанын мәлімдеді. Сания өзіне жыныстық сипаттағы қысым көрсетіліп, зорламақ болғандарын айтқан. Қазір полиция бұл мәлімдемелерді оның қазасынан кейін тексеріп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Адвокат Мухаммад Алиосман Оглы әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның мән-жайын баяндады. Оның сөзінше, сол түні Сания танысының шақыруымен жастар жиналған үйге барған.

«Үйде отырған жігіттердің бірі оны еркінен тыс жыныстық қатынасқа көндірмек болып, тиісе бастаған. Сания қарсылық танытып, сыртқа қашып шыққан. Қауіптенген ол құрбыларына геолокациясын жіберіп, полиция шақыруды өтінген», – деді адвокат.

Оның айтуынша, кейін сыртта ер адамдар арасында жанжал туындаған. Сол сәтті Сания видеоға түсіріп тұрған.

«Видеода қатысушылардың бірінің қолында пышақ бары байқалады. Сондай-ақ қазақ тілінде “Бауыздамай кетпеймін” деген сөз естіледі. Полиция келген кезде үй ішінен пышақ жарақатын алған жас жігіт табылды. Бірақ тергеу Санияның жыныстық зорлық әрекеті туралы сөзін тексерудің орнына, оны күдікті ретінде қамауға алды», – деген еді қорғаушы екі күн бұрын.

Кейін адвокат 15 мамырға қараған түні Санияның қайтыс болғанын хабарлады.

Бұл жағдайға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті де ресми мәлімдеме жасады. Тергеу нұсқасына сәйкес, 2 мамырға қараған түні бойжеткен ойын-сауық орнынан шыққан соң танысының үйіне барған. Үйде кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен олардың достары болған.

Полиция мәліметінше, куәгерлердің айтуы бойынша, Сания мен жасөспірім арасында жанжал туындап, бойжеткен көпшіліктің көзінше оған пышақ жарақатын салған.

Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция шақырылып, зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сол күні күдікті полиция бөліміне жеткізілген. Медициналық сараптама оның мас күйде болғанын көрсеткен. Денесінен жарақат табылмаған.

Полицияның хабарлауынша, ұсталғаннан кейін он күн өткен соң, яғни 12 мамырда Сания өзіне қатысты заңсыз әрекеттер болғанын мәлімдеген.

«Тексеру барысында сол түні үйде болған барлық адамнан жауап алынды. Куәгерлер бұл уәждерді растамады. Соған қарамастан, күдіктінің барлық мәлімдемесі сотқа дейінгі тергеу аясында жан-жақты тексеріліп жатыр», – делінген хабарламада.

Сот шешімімен қыз екі айға қамауға алынған. 15 мамырға қараған түні ол камералас әйелдерге өзін жайсыз сезінетінін айтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен камералас әйелдің жүрек ауруына арналған дәрісін шамадан тыс мөлшерде ішіп қойған.

Сания жедел түрде ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше сағаттан кейін қайтыс болды. Алдын ала болжам бойынша, өлімге дәріден улану себеп болған.

Аталған дерек бойынша суицид бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар уақытша ұстау изоляторындағы ұстау тәртібінің сақталуына қатысты да сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қазіргі уақытта барлық мән-жай анықталып жатыр. Іс Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.