16.05.2026, 16:40

«Қазақстан жеңіліп жатыр»: «Дала Қырандары» қозғалысы алаңдатарлық статистиканы ашық жаттығу арқылы жария етті

Фото: Дала қырандары

16 мамыр күні өткен шара барысында белсенділер журналистерді, қала тұрғындарын және жастарды қарапайым ауладағы спорт алаңына жинады.

Қазақстан қалаларындағы спорт инфрақұрылымы мен ішімдік саудасы арасындағы теңсіздік қоғамды алаңдататын деңгейге жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысы жүргізген ауқымды зерттеу нәтижесі елдегі көптеген шаһарда бұқаралық спортқа қарағанда алкоголь өнімдерін сататын орындардың әлдеқайда көп екенін көрсетті. Қозғалыс өкілдері бұл мәселені ресми мәлімдемемен ғана шектемей, жұрт назарын ерекше форматтағы ашық жаттығу арқылы аударды.

16 мамыр күні өткен шара барысында белсенділер журналистерді, қала тұрғындарын және жастарды қарапайым ауладағы спорт алаңына жинады. Дәстүрлі баспасөз жиынының орнына ұйымдастырушылар нақты әрекетке негізделген қоғамдық кездесуді таңдаған. Ашық аспан астында өткен жаттығу барысында қатысушылар спортпен шұғылданып қана қоймай, елдегі әлеуметтік ахуалға қатысты маңызды деректермен танысты.

Алаңда «Қазақстан жеңіліп жатыр» деген жазуы бар арнайы баннер орнатылды. Онда әр қаладағы екі түрлі көрсеткіш қатар берілген: ірі цифрлар алкоголь өнімдерін сататын дүкендердің санын көрсетсе, кіші көрсеткіштер спорт алаңдарының санын бейнелеген. Бұл көрініс көпшілікке үнсіз-ақ ой салды.

«Дала Қырандары» қозғалысының мәліметінше, зерттеу жұмыстары бірнеше ай бойы жүргізілген. Белсенділер елдің 29 қаласын аралап, бұқаралық спортқа арналған орындар мен алкомаркеттердің нақты санын есептеген. Бұл деректер #суррогат және #жаттығу бастамалары аясында жиналған. Қозғалыс мүшелері әр нысанды көзбен көріп, жергілікті жерлерде мониторинг жасаған.

Жарияланған статистика көптеген өңірдегі жағдайдың күрделі екенін аңғартты. Мәселен, Атырау қаласында 118 спорт алаңына қарсы 2985 алкомаркет жұмыс істейді. Яғни бір спорт алаңына ондаған ішімдік дүкенінен келеді. Ақтөбеде 200 спорт алаңына 960 алкоголь сауда орны тіркелген. Қарағандыда 94 спорт аймағына 271 алкомаркеттен келеді. Бұл айырмашылықтар жай ғана сан емес, қоғамдық ортаның нақты көрінісі екенін белсенділер ерекше атап өтті.

Қозғалыс өкілдері бүгінде бұл мәліметтердің барлығы интерактивті картаға енгізілгенін хабарлады. Арнайы сайт арқылы әрбір тұрғын өз қаласындағы ахуалды көріп, спорт инфрақұрылымы мен ішімдік саудасының арақатынасын салыстыра алады. Белсенділер мұндай ашықтық қоғамда талқылау тудырып, жергілікті деңгейде өзгеріс жасауға түрткі болады деп есептейді.

«Дала Қырандары» қозғалысының үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев қазіргі орта жастардың болашағына тікелей ықпал ететінін айтты.

«Біз ортаның адамды қалыптастыратынына сенеміз. Егер әр аулада сапалы спорт алаңы, турник пен балалар еркін жаттығатын орын болса, қоғам да өзгереді. Бірақ бүгінгі статистика мүлде басқа жағдайды көрсетіп отыр. Көптеген қалада спортпен айналысатын орын тапқаннан гөрі, алкомаркет табу әлдеқайда оңай. Бұл — жай ғана әлеуметтік мәселе емес, ұлттың болашағына әсер ететін қауіп», - деді ол.

Белсенділердің айтуынша, мәселенің өзегі тек инфрақұрылымда емес. Әңгіме жастардың күнделікті көретін ортасында жатыр. Егер жасөспірімдердің көз алдында спорт емес, ішімдік саудасы басым болса, уақыт өте келе бұл қоғамның құндылықтарына әсер етпей қоймайды.

Шараның дәл осы аулада өткізілуі де кездейсоқ таңдалмаған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл аумақ кезінде қараусыз жатқан. Кейін жергілікті тұрғындар мен қозғалыс мүшелері бірігіп, алаңды қалпына келтірген. Қазір мұнда балалар тұрақты түрде жаттығып, ересектер де спортпен айналысады.

«Дала Қырандары» қозғалысының Астана қаласы бойынша жүздік басшысы Арыстанбап Мұратұлы қоғамдағы өзгеріс ең алдымен тұрғындардың өзінен басталуы керек екенін айтты.

«Біз көп жағдайда жауапкершілікті өзгелерге артып қоямыз. Бірақ кез келген өзгеріс ауладан басталады. Мына алаң - соның дәлелі. Тұрғындар бірігіп, өз ортасын өзгертуге шешім қабылдағанда, олар тек спорт нысанын жөндеп қоймайды. Олар балаларға басқа өмір салтын көрсетеді. Біз жариялаған статистика адамдарды қорқыту үшін емес, әрекетке шақыру үшін қажет», - деді ол.

Ашық жаттығуға қазақстандық спорт жұлдыздары да қолдау білдірді.

Шараға бірнеше дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, атақты ауыр атлет Илья Ильин қатысып, жастармен бірге жаттығу жасады. Танымал спортшының келуі көпшілікке ерекше серпін беріп, шараның маңызын арттыра түсті.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұқаралық спортты дамыту - тек дене шынықтыру мәселесі емес. Бұл - қоғамдық қауіпсіздікке, жастар тәрбиесіне, денсаулыққа және ұлттық болмысқа тікелей қатысты мәселе. Спорт алаңдары көбейген сайын жастардың бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігі артады. Ал қолжетімді әрі қауіпсіз орта қалыптасса, зиянды әдеттердің алдын алуға да жол ашылады.

Сарапшылар да соңғы жылдары аула спортының маңызы артып келе жатқанын айтады. Өйткені кәсіби спортпен бәрі бірдей айналыса алмайды. Ал қарапайым тұрғындарға арналған ашық алаңдар - денсаулықты нығайтудың ең қолжетімді жолы. Мұндай кеңістіктер тек жаттығу орны ғана емес, көршілік қарым-қатынасты күшейтетін әлеуметтік орталыққа айналады.

«Дала Қырандары» қозғалысы алдағы уақытта да мониторинг жұмыстарын жалғастырмақ. Белсенділер заңсыз ішімдік саудасына қатысты деректерді тіркеумен қатар, өңірлердегі спорт алаңдарының жағдайын бақылауды да тоқтатпайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге олар жергілікті тұрғындарды өз аулаларында спорт мәдениетін дамытуға белсенді атсалысуға шақырып отыр.

Қоғамдық қозғалыс өкілдерінің айтуынша, мәселені тек мемлекет немесе бизнес өкілдері ғана шеше алмайды. Бұл - бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр тұрғын өз ауласына, өз көшесіне, өз баласының ортасына бейжай қарамаса, жағдайды өзгертуге мүмкіндік бар.

Бүгінде елдегі көптеген қалада жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатыр. Алайда олардың бір бөлігінде спорт инфрақұрылымы жеткіліксіз. Белсенділер құрылыс саласында да әлеуметтік тепе-теңдік мәселесіне назар аудару қажет деп есептейді. Өйткені тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру тек ғимарат салумен шектелмейді. Оның ішінде қауіпсіз әрі пайдалы қоғамдық кеңістік болуы шарт.

«Қазақстан жеңіліп жатыр» деген ұран - қоғамды кінәлау емес, ойландыруға арналған үндеу. Қозғалыс мүшелері бұл бастама арқылы тұрғындарды салауатты өмір салтын қолдауға, балалар мен жастарға дұрыс орта қалыптастыруға үндеп отыр. Ашық жаттығу барысында көрсетілген статистика көпшілікке бір ғана сұрақ қойды: болашақ ұрпақ қандай ортада өсіп келеді?

Бұл сауалға жауап беру енді тек белсенділердің емес, тұтас қоғамның міндетіне айналып отыр.