37 жастағы Макгрегор октагонға ұзақ үзілістен кейін оралады.
Ирландиялық файтер Конор Макгрегор UFC-дегі келесі жекпе-жегін қазақстандық Шавкат Рахмонов өнер көрсететін жартылай орта салмақта өткізеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ресми мәліметке сәйкес, Макгрегор 11 шілде күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтетін UFC 329 турнирінің басты жекпе-жегінде америкалық Макс Холлоуэймен кездеседі. Осылайша, файтерлер 2013 жылдан кейін реванш өткізбек. Ол кездегі алғашқы айқаста Конор төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жеткен еді.
37 жастағы Макгрегор октагонға ұзақ үзілістен кейін оралады. Ол 2025 жылдың қазан айында допингке қатысты үш тесті өткізіп алғаны үшін 18 айға дисквалификацияланған болатын. Ирландиялық спортшының жазасы 2026 жылдың наурызында аяқталды. Ал UFC-дегі соңғы жекпе-жегін 2021 жылдың шілдесінде өткізіп, америкалық Дастин Порьеге аяқ жарақатына байланысты мерзімінен бұрын есе жіберген еді. Қазіргі таңда оның ММА-дегі рекорды – 22 жеңіс және 6 жеңіліс.
Ал Макс Холлоуэй соңғы кездесуін 2026 жылдың наурызында өткізіп, бразилиялық Чарльз Оливейраға төрешілер шешімімен жол берді. Бұрынғы UFC чемпионының еншісінде 27 жеңіс пен 9 жеңіліс бар.
Айта кетейік, жартылай орта салмақта қазақстандық Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. «Номад» қазір тізесіне жасалған операциядан кейін қалпына келу кезеңін жалғастырып жатыр. Ол соңғы рет октагонға 2024 жылдың желтоқсанында шығып, ирландиялық Ian Machado Garryді төрешілер шешімімен жеңген болатын.