CTS мәліметінше, барлық құқық бұзушылықтар станциялар мен вагондардағы бейнебақылау камералары арқылы тіркеледі.
Астанадағы LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауына байланысты бірнеше кідіріс жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
City Transportation Systems (CTS) компаниясының мәліметінше, кейбір жолаушылар апаттық жүйелерді себепсіз іске қосып, пойыз қозғалысына кедергі келтірген.
Атап айтқанда, станция платформасындағы апаттық тежегіш батырмасын негізсіз басу, пойыз ішіндегі қорғаныш әйнегінің артында орналасқан апаттық есік жүйесін қосу, вагон есіктерін күшпен ашуға әрекет жасау және есіктердің жабылуына әдейі бөгет қою деректері анықталған.
CTS өкілдері LRT желісі толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейтінін атап өтті. Сондықтан мұндай әрекеттер жолаушылар қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, пойыздардың уақытша тоқтауына және қосымша тексерістер жүргізілуіне себеп болады.
Компания тұрғындарды қоғамдық көлік пайдалану ережелерін сақтауға шақырды. Сонымен қатар, әр пойызда төтенше жағдайда есіктерді ашуға жауапты арнайы оператор бар екені хабарланды.
CTS мәліметінше, барлық құқық бұзушылықтар станциялар мен вагондардағы бейнебақылау камералары арқылы тіркеледі. Анықталған оқиғалар құқық қорғау органдарына жолданып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.