Қазірдің өзінде көптеген қазақстандық үшін жалақы - өмір сүруге емес, кредит жабуға арналған ақшаға айналып бара жатыр.
Қазақстанда соңғы екі жылда жаңа әлеуметтік құбылыс анық байқала бастады. Сарапшылар оны шартты түрде «кредиттік кедейлік» деп атайды.
Бұл - адамның ресми түрде жұмыс істеп, табыс тауып жүргенімен, шын мәнінде банктер алдындағы қарыздан шыға алмауы. 2026 жылдың басындағы ресми мәлімет бойынша, қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегі 25 трлн теңгеден асты. Оның 16,8 трлн теңгесі - тұтынушылық несиелер. Яғни халықтың басым бөлігі үй немесе бизнес үшін емес, күнделікті өмір сүру үшін қарыз алып отыр. Мамандардың айтуынша, ең қауіпті тенденция - несие енді төтенше жағдайда ғана емес, қарапайым тұрмыстың бір бөлігіне айналып кеткен.
Қазақстанда жалақы жетпейтін экономика қалыптасты ма?
Соңғы жылдары елде азық-түлік, коммуналдық тариф, дәрі-дәрмек пен баспана бағасы бірнеше есе қымбаттады. Бірақ халық табысының өсімі бұл қарқынға ілесе алмады. Салдарынан азаматтар жетпеген ақшаны банк арқылы «жабуға» көшкен. Бүгінде көптеген отбасының ай сайынғы бюджеті мынадай схемаға тәуелді:жалақы түседі; кредит жабылады; қалған ақша жетпейді; қайтадан рассрочка немесе микрозайм рәсімделеді.
Экономистер мұны «қаржылық тұзақ» деп атайды.
Өйткені адам жұмыс істеп жүрсе де, табысының едәуір бөлігін банкке беруге мәжбүр. Банктер неге халыққа жаппай несие таратуға мүдделі? Соңғы жылдары Қазақстан банктері рекордтық табыс көрсетті. Кейбір қаржы ұйымдарының таза пайдасы жүздеген миллиард теңгеден асты.
Нарықтағы басты өзгеріс - банктер бизнеске қарағанда халықты көбірек несиелей бастады. Себебі тұтынушылық несие - ең жылдам әрі ең табысты өнімдердің бірі. Бизнеске берілген несие ұзақ тексеріледі, тәуекелі жоғары. Ал халыққа онлайн-кредит беру бірнеше минутта жүзеге асады.
Қазір елде: «5 минутта кредит»; «0-0-24»; «алғашқы төлемсіз рассрочка»; «тексерусіз мақұлдау» сияқты агрессивті жарнамалар қалыпты құбылысқа айналды. Сарапшылардың пікірінше, банктер халықты ұзақмерзімді қаржылық тәуелділікке үйретіп қойды. Ең үлкен проблема - жастардың қарызға ерте кіруі. Қаржы нарығындағы тағы бір жаңа құбылыс - 20-25 жастағы жастардың бірнеше несие қатар төлеуі. Қазір студенттердің өзінде: телефон несиесі; техника рассрочкасы; микрозайм; кейінге қалдырылған төлемдер бар. Әлеуметтік желідегі «әдемі өмір» мәдениеті де бұл процесті күшейтті. Көп жастар табысына емес, ай сайынғы төлем мүмкіндігіне қарап өмір сүре бастады. Нәтижесінде кредит өмір сүру құралына айналып барады. Ұлттық банк кеш қимылдады деген пікір күшейіп келеді 2026 жылдан бастап Қазақстанда несие беру талаптары қатаңдай бастайды. Банктер енді тек ресми табысты есепке алуға міндеттеледі. Бұған дейін кейбір азаматтар картааралық аударымдарды табыс ретінде көрсетіп, қарыз алу шектеулерінен өтіп кеткен. Енді: қарыз жүктемесі жоғары адамдарға; мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға; кредит тарихы нашар клиенттерге жаңа қарыз алу қиындайды. Алайда қоғамда «неге бұл шаралар тым кеш қабылданды?» деген сұрақ көбейіп келеді. Себебі халықтың қарызы тарихи рекордқа жеткеннен кейін ғана шектеулер енгізіле бастады.
Қазақстан «қарыз экономикасына» тәуелді болып бара ма?
Сарапшыларды алаңдататын тағы бір мәселе - ел экономикасының ішкі сұранысты негізінен кредит арқылы ұстап тұруы. Яғни халықтың нақты табысы емес, банктер таратқан қарыз экономика қозғалтқышына айналып барады. Бұл модельдің қаупі де жоғары. Егер ертең халықтың төлем қабілеті әлсіресе: проблемалық қарыздар көбейеді; коллекторлық қысым артады; банктер тәуекелі өседі; әлеуметтік наразылық күшеюі мүмкін.
Қазірдің өзінде көптеген қазақстандық үшін жалақы - өмір сүруге емес, кредит жабуға арналған ақшаға айналып бара жатыр.
Қазақстанда проблемалық несиелердің көлемі де өсіп келеді. Сарапшылардың айтуынша, ресми статистикада жағдай тұрақты көрінгенімен, қайта құрылымдалған қарыздардың саны көбейген. Яғни адамдар кредитін уақытында төлей алмай, мерзімін ұзартуға мәжбүр. Соңғы жылдары елімізде BNPL («қазір ал - кейін төле») сервистері күрт көбейді. Көп азамат мұны кәдімгі несие деп қабылдамайды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл да қарыз жүктемесін арттыратын құрал. Қазақстанда тұтынушылық несие өсімі ТМД елдерінің көбімен салыстырғанда жоғары деңгейде қалып отыр. Кей экономистер мұны «экономиканың кредит арқылы жасанды қыздырылуы» деп сипаттайды. Сарапшылар халықтың қаржылық сауаты әлсіз екенін де негізгі себептердің бірі ретінде атайды. Көп азамат несие алар кезде толық пайыздық жүктемені, айыппұлды немесе кешіктіру салдарын есептемейді. Әлеуметтік желілердегі «бай өмір» культі де қарыз мәдениетіне әсер етті деген пікір бар. Қазір кей жастар табысына емес, ай сайынғы төлем мүмкіндігіне қарап өмір сүре бастаған. Кей банктер клиентке бірнеше кредитті қатар рәсімдеуге мүмкіндік береді. Соның салдарынан азаматтың нақты қарыз жүктемесі бірден көрінбей қалады. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда халықтың депозиттен гөрі кредиті тез өсіп жатыр. Бұл азаматтардың қаржылық «қауіпсіздік жастығы» азайып бара жатқанын көрсетеді. Қазір кей қазақстандықтардың табысының 50 пайыздан астамы кредит төлеуге кетеді. Экономистер мұндай деңгей қаржылық тұрғыдан қауіпті шекке жақын екенін айтады. Банктердің табысы рекорд жаңартып жатқан кезде, халық арасында «банк жүйесі қарапайым азаматтардың қарызы арқылы байып отыр» деген сын күшейіп келеді. Кей сарапшылар Қазақстанда алдағы жылдары «кредиттік шаршау» басталуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл - адамдардың жаңа несие алуға қауқары жетпей, тұтыну деңгейінің төмендеуі.