$ 471.77  547.25  6.6

Қазақстанда нотариустарға жаңа шектеу енгізіледі: заң жобасы қабылданды

Осыған байланысты заң жобасында азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге және нотариат жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар өзгеріс ұсынылды.
 

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Қазақстанда нотариат саласына қатысты жаңа өзгерістер ұсынылды. Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда нотариат қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады.

Талқылау барысында депутат Нұрсұлтан Байтілесов тексеру кезінде атқарушылық жазбаларды рәсімдеу бағытында заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қаралған бірнеше негіздің ішінде тек осы бағыт бойынша шамамен 2 млрд теңгеге қатысты бұзушылықтар тіркелген.

Осыған байланысты заң жобасында азаматтардың құқығын қорғауды күшейтуге және нотариат жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар өзгеріс ұсынылды.

Атап айтқанда, атқарушылық жазбаны рәсімдеу енді тек борышкердің тіркелген мекенжайы бойынша жүргізілуі мүмкін. Сонымен бірге Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе 2.0 арқылы материалдарды нотариустар арасында автоматты түрде бөлу механизмі енгізіледі.

Тағы бір жаңашылдық - азаматтарды міндетті түрде хабардар ету тәртібі. Енді атқарушылық жазба рәсімделген жағдайда оның көшірмесі электронды үкімет порталы және SMS арқылы жолданады.

Заң жобасында нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және басқа да мүдделі тараптармен ықтимал байланысын шектеу қарастырылған.

Сондай-ақ талаптарды бұзған нотариустарға қатысты жауапкершілік күшейтіліп, лицензияны тоқтату немесе қайтарып алу шаралары қолданылуы мүмкін.

Жаңа түзетулер нотариат саласындағы бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#депутат #заң