$ 477.48  555.83  6.65

«85 мың теңге алатын мұғалімдерді көріп, айлығым өссін деу — бетсіздік сияқты» — Ринат Зайытов (ВИДЕО)

Құрбан айтты тек діни мереке деп қабылдамау керек.

«QASQA JOL» YouTube бағдарламасының кезекті шығарылымында Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовқоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді. Сұхбат барысында ол мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы, мәдениет пен тіл мәселесі, медиа кеңістіктегі өзгерістер және алдағы саяси үдерістер жайында ашық әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әңгіме басында депутат барша қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, бұл күннің рухани әрі адамгершілік маңызына тоқталды.

— «Құрбан айтты тек діни мереке деп қабылдамау керек. Бұл — адамдарды жақындастыратын, ағайын-туыс, көрші-қолаңның арасын нығайтатын ерекше мейрам. Көршіңе бір үзім ет апарып бергеннің өзінде үлкен жылулық жатыр», — деді ол.

Сонымен қатар депутат соңғы жылдары құрбан шалу рәсімінде бейберекет әрекеттер көбейіп кеткенін айтып, тазалық пен жауапкершілік мәселесіне де назар аударды.

— «Құрбан шалуға барғанда тек малды союмен шектелмей, барған жеріңді жинап, артыңды таза қалдырудың өзі — мәдениет әрі ізгі амал», — деді халық қалаулысы.

Сұхбат барысында Ринат Зайытов мұғалімдердің жалақы мәселесін де қозғап, өзінің депутат ретіндегі айлығы туралы пікірін айтты. Оның сөзінше, аймақтарда 85 мың теңге көлемінде жалақы алып жүрген ұстаздарды көргенде, өз жалақысын көтеру туралы айтуға ұялады.

— «85 мың теңге айлық алатын мұғалімдерді көріп отырып, менің жалақым өссін деу — бетсіздік сияқты көрінеді», — деді депутат.

Бағдарлама барысында тіл мәселесіне де тоқталған Ринат Зайытов бұған дейін көтерген орыс тіліне қатысты ұстанымы туралы пікір білдірді. Ол Парламентте жалғыз адамның дауысы көп жағдайда шешуші рөл атқара бермейтінін, алайда қоғамдағы мәселелерді көтеру маңызды екенін жеткізді. Депутаттың айтуынша, 98 депутаттың ішінде бір адамның пікірімен түбегейлі өзгеріс жасау оңай емес.

Сондай-ақ ол қазақстандық телеарналардағы тілдік саясат туралы ойын ортаға салды. Әсіресе кей арналарда қазақ тілінің үлесі азайып бара жатқаны қоғам назарынан тыс қалмауы керектігін айтты. Бұл ретте «Жетінші арнадағы» контенттің өзгеруі жайлы пікірлер де қозғалды.

Сұхбат кезінде мәдениет саласындағы марапат мәселесі де сөз болды. Ринат Зайытов актер әрі театр қайраткері Бекжан Тұрыс сынды өнер адамдарының еңбегі лайықты бағалануы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, ел мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаларға құрмет көрсету қоғам үшін маңызды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0