2026 жылдың наурыз айында бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттағы 13 жұмыскерге пәтер кілті табысталды.
«Қазақмыс» корпорациясы жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. Қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету оның негізгі бағыттарының бірі болып қала беруде, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
2026 жылдың наурыз айында бағдарлама аясында әлеуметтік осал санаттағы 13 жұмыскерге пәтер кілті табысталды. Қазіргі уақытта тағы 16 қызметкер тұрғын үйді меншікке алу үшін құжаттарын рәсімдеуде. Олардың 7-еуі Жезқазған, 9-ы Балқаш қаласының тұрғындары.
Бағдарламаға қатысушылардың қатарында балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған қызметкерлер, сондай-ақ көп жылдық еңбек өтілі бар жұмыскерлер бар. Компанияда тұрғын үй мәселесін шешу әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің және жұмыскерлердің отбасын қолдаудың маңызды факторы екені айтылды.
Бағдарлама қызметтік тұрғын үйді жеңілдетілген шартпен сатып алуға мүмкіндік береді. Қызметкерлер өздері тұрып жатқан пәтерді бес жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеу арқылы сатып ала алады. Сатып алу құны тұрғын үйдің нарықтық құнының 10%-ынан басталады.
«Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмыскері Игорь Порабкович корпорацияда 34 жыл бойы еңбек етіп келеді. Ол 20 жылдан астам уақыт отбасымен қызметтік пәтерде тұрған, ал биыл жеңілдетілген шартпен баспана сатып алу мүмкіндігін пайдаланды.
«Біз 2006 жылдан бері тұрып келе жатқан қызметтік пәтерді жеңілдетілген бағамен сатып алып жатырмыз. Бұл – мен үшін және отбасым үшін компания тарапынан көрсетілген үлкен қолдау. Жұмыскерлерге тұрақтылық сыйлап, көмек көрсетіп жатқан «Қазақмыс» корпорациясына шын жүректен алғыс білдіремін», – деді Игорь Порабкович.
Бағдарламаға қатысушылардың қатарында корпорацияда 20 жыл еңбек етіп келе жатқан Сайрагүл Мәдешова да бар.
«Мен ұлымды жалғыз тәрбиеледім, бұл оңай болған жоқ. Көп жыл бұрын «Қазақмыс» корпорациясы маған пәтерді жалға беру арқылы үлкен қолдау көрсеткен еді. Ал енді баспананы нарықтық құнының небары 10%-ымен екі жылға бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігі бар деген жаңалық мені қатты толқытты. Қолдау көрсетіп, тұрақтылық пен ертеңгі күнге сенім сыйлағаны үшін корпорацияға шын жүректен алғыс айтамын», – деді Сайрагүл Мәдешова.
Тұрғын үй бағдарламасын дамыту жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсартуға және еңбек ұжымын қолдауға бағытталған Қазақмыстың әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі болып қала береді.