22.08.2014, 04:37

Шекарада ұсталған бір азаматтың денесінен 22 телефон алынды

Сурет: ҚР ҰҚК шекара қызметі

Қазақстандық шекарашылар 118 ұялы телефонды мемлекеттік шекарадан заңсыз өткізбек болғандардың жолын кесті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мәлімдегендей, «Қорғас» шекаралық бақылау отрядының бақылаушылары Шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығында еліміздің 3 азаматын ұстады.

«Қолжүктерін тексеру кезінде олардан 96 дана заңсыз ұялы телефон табылды. Ұсталғандардың бірінің денесіне лентамен байланып жасырылған 22 дана телефон тағы табылды. Осылайша заңсыз телефондардың жалпы саны 118 данаға жетті», делінген хабарламада. 

Ұсталғандар аталған телефондарды кедендік бақылаудан жасырып өткізуге тырысты.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру амалдары жүргізілуде.