Биыл 5-сыныпты аяқтаған Нұрасыл отбасындағы 6 баланың екіншісі болған.
Шымкентте Абай ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеменің ауыр жүк көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде 11 жастағы баланы қағып мерт қылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Биыл 5-сыныпты аяқтаған Нұрасыл отбасындағы 6 баланың екіншісі болған. Ол қарындасымен бірге дүкенге балмұздақ алуға шығып, Қайнарбұлақ саяжай алабындағы жолдан өтіп бара жатқан сәтте ауыр техниканың астында қалған.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, жасөспірім оқиға орнында жан тапсырған. Ал есеңгіреп қалған жүргізуші бірден қамауға алынып, көлік айып тұрағына қойылды.
«Балам рұқсат етілген жаяу жүргіншілер өткелімен өтіп бара жатқан еді, жүргізуші жолға мұқият қарауы керек қой, енді кінәлі адам тиісті жазасын алсын», — дейді қайғыдан қан жұтқан Нұрасылдың әкесі.
«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті.
Соңғы аптада бұл осындай бірінші оқиға емес, бұған дейін Астанада бетон араластырғыш көлік велосипед мінген мектеп оқушысын байқамай қалып, ол да көз жұмған болатын.