Мамандардың айтуынша, балалардың терезеден құлауы жаз мезгілі басталғанда өзекті мәселеге айналады.
Қарағанды облысында бір күннің ішінде екі бүлдіршін көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен құлап, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Алғашқы жағдай Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданындағы 14-шағынауданда тіркелген. Ересектердің қарауынсыз қалған 2025 жылы туған ұл бала бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтер терезесінен құлап кеткен. Оқиға салдарынан түрлі жарақат алған сәби облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Осыған ұқсас оқиға Теміртау қаласында да орын алды. 4а-шағынауданда орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынан 2022 жылы туған ұл бала құлап кеткен. Зардап шеккен бүлдіршін көптеген жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, Қарағандыдағы баланың жағдайы орташа ауыр болса, Теміртаудағы бүлдіршіннің жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр.
Мамандардың айтуынша, балалардың терезеден құлауы жаз мезгілі басталғанда өзекті мәселеге айналады. Биылғы жылдың басынан бері өңірде осындай 13 жағдай тіркелген.
Құтқарушылар ата-аналарға масаға қарсы торлардың қауіпсіздік құралы емес екенін еске салады. Өйткені олар баланың салмағын көтере алмайды және жалған қауіпсіздік сезімін тудырады. Сондықтан көпқабатты үйлерде терезелерге арнайы бекіткіштер орнатып, олардың ашылуын шектейтін құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау маңызды.