Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні – ел тәуелсіздігін айшықтайтын басты мемлекеттік рәміздердің бірі.
4 маусымда елімізде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Осыдан 34 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның өз Елтаңбасы, Туы және Әнұраны бекітілді. Олар мемлекеттің негізгі нышандары саналады және елдің егемендігін, бірлігін әрі ұлттық болмысын бейнелейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні – ел тәуелсіздігін айшықтайтын басты мемлекеттік рәміздердің бірі. Ол халықтың рухын, тарихи мұрасын және ұлттық мәдениетін танытады. Қолданыстағы Гимн 2006 жылы көпшілікке кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әнінің негізінде қабылданды. Әнұран орындалған сәтте жұртшылық орнынан тұрып, оң қолын жүрек тұсына қойып тыңдау дәстүрге айналған.
Мемлекеттік Гимн халықаралық кездесулерде, маңызды қоғамдық-саяси және салтанатты іс-шараларда орындалады. Әсіресе, қазақстандық спортшылар жеңіске жеткенде, әлемнің ең ірі спорт ареналарында Гимннің шырқалуы миллиондаған отандасымыз үшін ерекше әсерлі сәт саналады. Мұндай кезде Әнұран ел мерейін асқақтатып, халықтың бірлігі мен ұлттық мақтанышын әйгілейтін символға айналады.
Елтаңба
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков және Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның негізгі өзегіне халық бірлігі мен мемлекеттілік идеясы арқау болған. Оның дөңгелек пішіні өмірдің мәңгілігі мен жалғастығын білдіріп, Ұлы дала көшпенділерінің дәстүрлі дүниетанымын бейнелейді.
Айта кетерлігі, мемлекеттік рәміздің авторы Жандарбек Мәлібековтің айтуынша, Қазақстанның Елтаңбасы көркемдік шешімі мен мазмұндық тереңдігі жағынан әлемдегі үздік геральдикалық туындылардың қатарына жатады.
Автор Елтаңбада қазақ даласының 5 мың жылдық өткенін, бүгіні мен болашағын бейнелеген. Әсіресе аң стилінде Сақ дәуірінен алынған элементтер бар. 1992 жылдан бері Елтаңба бірнеше рет жетілдіріліп, өзгертіліп келеді. Мәселен, ондағы «Қазақстан» жазуы латын қаріптерімен «Qazaqstan» деп қайта жазылды.
Ту
Мемлекеттік Ту – тәуелсіз Қазақстанның айшықты рәміздерінің бірі. Ол еліміздің дербестігін, тұтастығын және ұлттық келбетін білдіреді. 1992 жылы қабылданған Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысып, ұлттық рәміздердің ел тәуелсіздігін нығайтып, халықтың ынтымағын бекемдеудегі мәнін атап өтеді.
Мемлекеттік рәміздер туралы қызықты деректер
Тудың алғашқы нұсқасы қазіргі бейнесінен өзгеше болған. Көгілдір мата жиегіндегі өрнек бастапқыда қызыл түспен берілген, кейін ол алтын түске ауыстырылған.
Әр жылдары Қазақстан Туы Антарктида аумағында да, Солтүстік полюс маңында да желбіреген. Сондай-ақ ол әлемнің ең биік шыңдарында – Ленин шыңы, Чогори (К2), Мак-Кинли тауына және Монблан шыңдарына көтерілген.
2015 жылы Мемлекеттік Ту ғарышқа да сапар шекті: ол Халықаралық ғарыш станциясына жеткізілді. Ғарышкер Айдын Айымбетов ел байрағымен Жерді 150 реттен астам айналып өтті.
2024 жылы қазақстандық альпинистер Анар Бұрашева мен Мақсұт Жұмаев әлемнің ең биік шыңы – Эвереске көтеріліп, Туды «әлем шыңына» орнатты.
Елтаңбаның авторларының бірі Шот-Аман Уәлихановқа мемлекеттік рәміздің алғашқы бейнесі түсіне аян боп енген.
Осылайша, 4 маусым – әрбір азаматқа мемлекеттік рәміздердің ел тарихы мен тәуелсіздігін ұлықтайтын, ұлт бірлігін бекемдейтін ерекше құндылық екенін еске салатын күн. Ту, Елтаңба және Әнұран – ресми нышандар ғана емес, ел рухын көтеріп, ортақ мақсатқа ұйыстыратын ортақ мұра. Тәуелсіз елдің ғана өз рәміздері болады, ал рәмізі бар мемлекет – өз тағдырын өзі айқындай алатын дербес ел.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін жетілдіру үшін ережелерге өзгерістер әзірлеген еді. Бұл бастама Президент тапсырмасы негізінде дайындалып, отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеуге және ұлттық рәміздерге құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта құжат тиісті келісу рәсімдерінен өтіп жатыр.
Аталған жоба азаматтардың Мемлекеттік Туды пайдалану тәртібін нақтылай түседі. Бұл ретте Туды ілу мүмкіндіктері кеңейтілгенімен, елдің басты рәмізіне деген құрметті сақтау талаптары өзгеріссіз қалады. Атап айтқанда, Мемлекеттік Туды тұрғын үйлерге, балкондарға, сондай-ақ 45 градус көлбеу қалыпта ілуге рұқсат беріледі. Бұл ретте Ту ұқыпты сақталып, таза, бүтін күйде болуы керек және еш зақымданбауға тиіс.
Құжатқа сәйкес, азаматтар Мемлекеттік Туды спорттық және өзге де қоғамдық іс-шараларда пайдалана алады. Алайда оны тиісті рұқсатсыз коммерциялық мақсатта қолдануға шектеу қойылады.
Жеке тұрғын үйлерде Ту ілуге де арнайы талаптар белгіленген. Атап айтқанда, оның іліну биіктігі кемінде үш метрден төмен болмауы қажет. Бұл ретте жеке үйлерде Туды түнгі уақытта міндетті түрде жарықтандыру талабы қарастырылмаған.
Сонымен бірге, Мемлекеттік Туды қолдану міндетті болатын күндер тізбесін кеңейту ұсынылып отыр. Олардың қатарына Конституция күнін, Отан қорғаушылар күнін, Мемлекеттік рәміздер күнін, Республика күнін және Тәуелсіздік күнін енгізу жоспарланған.
Мемлекеттік Туды саяси үгіт-насихат құралы ретінде пайдалануға, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің эмблемаларының фонына айналдыруға, сондай-ақ мақсаттан тыс қолдануға жол берілмейді. Бұл талап тек заңда көзделген жекелеген ресми рәсімдер кезінде қолданылмайды.
Сонымен бірге, Мемлекеттік Туды қорлау немесе оған құрметсіздік танытуға бағытталған кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Ұлттық рәміздерге ұқыпты қарау – азаматтық мәдениеттің, ел тарихы мен тәуелсіздікке құрметтің маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.