05.06.2026, 15:20

Жағдайы ауыр: Атырау облысында 2 жасар бала трактордан құлап кетті

Фото: pixabay

Денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта ұл баланың жағдайы жақсы екенін хабарлады.

2026 жылдың 4 маусымында сағат 22:10 шамасында Атырау облысында екі жасар бала трактордан құлап, басынан жарақат алған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға болған күні патрульдік полиция қызметкерлері Исатай ауданы Тұщықұдық ауылының аумағындағы теміржол өткелінің жанында қызмет атқарып жүрген. Сол сәтте өткел алдындағы кезекте тұрған Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі олардан көмек сұраған.

Қобалжулы ер адам балаға шұғыл медициналық көмек қажет екенін хабарлады. Әрбір минуттың маңызды екенін түсінген полицейлер кідірместен көмек көрсету туралы шешім қабылдады, – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Патрульдік полиция қызметкерлері арнайы жарық және дыбыстық сигналдарды қосып, кәмелетке толмаған баланы әжесімен бірге аудандық ауруханаға жеткізді.

Полицейлердің жеделдігі мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында балаға қажетті медициналық көмек уақытылы көрсетілді.

Денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта ұл баланың жағдайы жақсы екенін хабарлады.

Барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілгеннен кейін емделуші үйіне жіберілді, – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.