Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар күдікті анықталған.
Алматы облысында итті өртеп жіберді деген күдікпен ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар күдікті анықталған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары болған жағдайдың барлық мән-жайын тексеруде.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті ер адамның айтуынша, ит бірнеше күн бойы қимылсыз жатқан және шіри бастаған. Ол жануарды алып кету туралы ауылдық чатқа хабарлама қалдырғанын айтқан.
"Ешкім алып кетпеді, сондықтан оны өртеп жібердім", – деп түсіндірген ол.
Оқиға туралы алғаш болып зооқорғаушы Аида Маматказина хабарлаған. Осыдан кейін полиция жануарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастаған.
Құқық қорғау органдары күдіктінің айтқан уәждері де тергеу барысында жан-жақты тексерілетінін мәлімдеді. Тексеру нәтижесі бойынша оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.