$ 487.44  567.38  6.62

Асанәлі Әшімовтің аты аталған: Ақтөбеде шенеунік сотталды

Тергеу мәліметінше, экс-шенеунік 2022 жылы жер телімін алып беремін деп жергілікті тұрғыннан 3 миллион теңге алған.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Ақтөбеде қала әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Нұрсұлтанә Исембайұлы алаяқтық жасағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тергеу мәліметінше, экс-шенеунік 2022 жылы жер телімін алып беремін деп жергілікті тұрғыннан 3 миллион теңге алған. Алайда алғашқы сот процесінде ол жауапкершіліктен құтылып кеткен.

Сотта Нұрсұлтан Исембайұлы ақша берілген күні әйгілі актер Асанәлі Әшімовті әуежайдан күтіп алғанын айтып, өзін ақтауға тырысқан. Бұл нұсқаны оның жүргізушісі мен әріптесі де растап, сол күні актерді Air Astana әуе компаниясының рейсімен әуежайдан қонақүйге жеткізгендерін мәлімдеген.

Алайда кассациялық сот ақтау үкімін жойып, істі қайта қарауға жіберді. Қосымша тергеу барысында Асанәлі Әшімовтің сол күні ұшақ жолаушыларының тізімінде болмағаны анықталды. Белгілі болғандай, актер Ақтөбеге Орал қаласынан автокөлікпен келген, өйткені ол уақытта екі қала арасында әуе рейсі болмаған.

Тергеушілер кейін ұялы байланыс операторларының деректерін де зерттеген. Нәтижесінде Исембайұлының телефоны күні бойы қала әкімдігі маңында болғаны, ал драма театрына тек кешке қарай барғаны белгілі болды.

Сот шешімімен бұрынғы шенеунік 3 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Енді Ақтөбе облысының прокуратурасы сотта жалған куәлік берген жүргізуші мен әріптесіне қатысты қандай шара қолданылатынын қарастырып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0