12.06.2026, 17:00

«Оларды өлтіремін деп әлдеқашан шешіп қойғам»: Сәрсемалиев қылмыс жоспарын баяндады

Фото:

Сәрсемәлиев алдымен өзіне қол жұмсауды ойлағанын, кейін райынан қайтып, отбасы мүшелерін өлтіруге шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза болуына қатысты сот отырысында тергеу экспериментінің видеосы көрсетілді. Сотта ол қылмысты қалай жасағанын және кейін марқұмдардың тірі жүргендей көрініс қалыптастыру үшін қандай әрекеттерге барғанын баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

 Оның сөзінше, қайын жұрты тарапынан  қысым көргенін, балаларын енді ешқашан көрмей қаламын деп қауіптенгенін, ал жұбайының туыстарының үздіксіз кінәлауы мен қорлауы жағдайды одан әрі ушықтырғанын жеткізді. Сәрсемәлиев алдымен өзіне қол жұмсауды ойлағанын, кейін райынан қайтып, отбасы мүшелерін өлтіруге шешім қабылдағанын мәлімдеді.

"Қорада алғашында өзім асылып өлгім келді. Бірақ кейін оларды өлтіруді шештім. Сонда балаларым мен әйелім менімен қалады. Ал ата-анам немерелерін көріп жүреді деп ойладым. Іздерді жасыру жоспарын ұсақ-түйегіне дейін ойластырдым. Олардың ақшасын қалай алатынымды да алдын ала есептеп қойдым", – деді Сәрсемәлиев.

Тергеу барысында ол қылмыстың шынайы себептерін де ашып айтқан.

"Мен оларды өлтіремін деп әлдеқашан шешіп қойған едім. Іздерді жою және барлық қадамдарды алдын ала жоспарлауға кірістім. Қорадан кейін қылмыс қаруына айналған пышақты таңдап алдым. Бірден олардың Kaspi қосымшасына қалай қол жеткізуге болатынын ойладым. Өйткені ақшаға қол жеткізіп, коммуналдық төлемдерді төлеп отырсам, ешкім күмәнданбайды деп санадым", – деді ол. Қазір қылмыстық іс бойынша  сот процесі өтіп жатыр.

Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда Атырау облысында бір отбасының  жоғалып кеткен болатын. Оларға хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеу жарияланды. Кейін отбасы мүшелерінің мәйіті табылды.  Басты күдікті ретінде  марқұм отбасының бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев тергеліп жатыр.