12.06.2026, 17:20

«Ауылға барсам, еркелеп қаламын»: қазақша сайраған Станиславтың әңгімесі елді сүйсінтті (ВИДЕО)

Фото: видеодан кадр

Оның айтуынша, ауыл тұрғындары өзін ресми атымен емес, бұрыннан үйренген «Стасик» деп еркелетіп шақырады.

Әлеуметтік желіде қазақ тілінде еркін сөйлейтін Станислав Ивановичтің тағы бір видеосы қызу талқыланып жатыр. Бұл жолы ол ауылына барғандағы қызықты сәттерді әзілмен баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оның айтуынша, ауыл тұрғындары өзін ресми атымен емес, бұрыннан үйренген «Стасик» деп еркелетіп шақырады.

«Ауылға барсам, бәрі мені “Стасик, Стасик” деп жүреді. Мен: “Мен Станиславпын, Станислав Ивановичпін ғой” деп айтамын. Бірақ олар бәрібір “Стасик” дейді», – дейді ол.

Станиславтың сөзінше, көптен көрмеген ауылдастары да бірден танып, жеке өміріне қатысты сұрақтарын жаудырады.

«Көптен көрмегендер “Үйлендің бе?” деп сұрайды. Мен оларға: “2010 жылы үйленгем ғой” деймін. Балаларым да бар», – деп әзілдейді ол.

Сондай-ақ ол туған ауылына барған сайын өзін ерекше жақындарының ортасында жүргендей сезінетінін жеткізді.

«Ауылға барсам, еркелеп қаламын. Қалада ешкім олай айтпайды. Ал ауылда бәрі “Стасик” деп шақырып тұрады», – дейді Станислав.

Желі қолданушылары оның қазақ тілін еркін меңгергеніне ғана емес, қазақы ортаға сіңісіп кеткен қарапайым болмысына да ризашылықтарын білдіріп жатыр. Көпшілік пікірінде мұндай оқиғалар түрлі ұлт өкілдерін жақындастырып, мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіретін маңызды құндылық екенін көрсететіні айтылған.

Тегтер: қазақ тілі