13.06.2026, 15:00

«Алматы-Қорғас» тасжолындағы ақау салдарынан көліктер жаппай бұзылып жатыр (ВИДЕО)

Фото: видеодан скриншот

Алдын ала ақпарат бойынша, жолдағы ақау салдарынан кем дегенде бес көлік жолда қалып қойған.

Алматы – Қорғас автожолында жол жабынының ақауы бірнеше көліктің зақымдануына себеп болды. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, Байдібек би ауылына бұрылатын жерге жақын маңда жолдың бетон қабаты көтеріліп кеткен. Соның салдарынан жоғары жылдамдықпен келе жатқан жүргізушілер кедергіні дер кезінде байқамай, көліктеріне зақым келтірген.

Видеода жол жиегінде тоқтап тұрған бірнеше көлік көрсетілген. Олардың арасында Jetour кроссоверінің дөңгелегі жарылып, дискісі бүлінген. Mercedes Gelandewagen көлігінің жанармай багы тесілсе, Hyundai жеңіл көлігінің астыңғы бөлігі зақымданып, беріліс қорабынан май аққан.

Алдын ала ақпарат бойынша, жолдағы ақау салдарынан кем дегенде бес көлік жолда қалып қойған.

Оқиғаға тап болған жүргізушілер «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері мен полицияны шақыруға тырысқанын айтады. Алайда олардың сөзінше, 102 нөміріне хабарласқанымен, қажетті көмек дер кезінде көрсетілмеген.