15.06.2026, 15:00

Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың туғанына 101 жыл

Қысқа ғұмыр кешсе де, оның есімі қазақ тарихында мәңгі сақталды.

15 маусым – Кеңес Одағының Батыры, даңқты мерген Әлия Молдағұлованың туған күні. Биыл қазақ халқының батыр қызының дүниеге келгеніне 101 жыл толып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өткен жылы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Осыған орай өткен «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ерлігі жастар үшін Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі екенін атап өткен болатын.

Әлия Молдағұлова 1925 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қысқа ғұмыр кешсе де, оның есімі қазақ тарихында мәңгі сақталды.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Майданға ол 1943 жылдың күзінде аттанып, 2-Прибалтика майданы құрамындағы 54-жеке атқыштар бригадасында шайқасты. 1944 жылдың қаңтарында Псков облысындағы Насва стансасы үшін болған ұрыста ерекше батырлық танытты. Жау оғының астында сарбаздарды шабуылға бастап, қолбасшылар қатардан шыққан кезде ұрысты өз қолына алды. Ауыр жараланғанына қарамастан, соңғы сәтіне дейін майдан шебін тастамады.

Әлия небәрі 18 жасында ерлікпен қаза тапты. Тарихи деректер бойынша, ол соғыс жылдарында жаудың 78 солдаты мен офицерін жойған. Көрсеткен қайсарлығы үшін оған қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені тапсырылды.

Бүгінде батыр қыздың есімі ел жадында сақталып келеді. Оның құрметіне Қазақстанның көптеген қалаларында көшелер мен мектептер аталып, ескерткіштер орнатылған. Ақтөбе облысында Әлия Молдағұловаға арналған мемориалдық музей жұмыс істейді. Сондай-ақ оның ерлігі Ресейде де насихатталып, Мәскеудегі мектептердің біріне есімі берілген.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Әлия Молдағұлованың жауынгерлік жолы мен қайсарлығы әдебиетте, өнерде және кинода кеңінен көрініс тауып келеді. Оның ерлігі ұлт тарихындағы өшпес мұра ретінде ұрпақ санасында мәңгі жаңғыра бермек.