Илья балалар үйінде тәрбиеленген, бірнеше тілді меңгерген және ұшқыш мамандығында білім алып жүр.
Әлеуметтік желілерде Илья есімді жігіттің видеосы қызу талқыланып жатыр. Ол той қонақтарын қазақ тілінде еркін сөйлеуімен ғана емес, ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңін жүрекке жетер әсерлі мәнерде оқып беруімен де тәнті етті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желі қолданушыларының айтуынша, алғашында көпшілік өз құлағына өзі сенбеген. Көптеген адам оның таза әрі анық сөйлеу мәнерін, қазақ мәдениетіне деген құрметін және тілге деген шынайы сүйіспеншілігін ерекше атап өтті. Пікірлерде: «Кейбір қазақтар да бұлай сөйлей алмайды», «Нағыз мақтаныш», «Біздің төртінші жүзіміз – Орыс жүзі» деген жазбалар қалдырылған.
Пайдаланушылардың мәліметінше, Илья балалар үйінде тәрбиеленген, бірнеше тілді меңгерген және ұшқыш мамандығында білім алып жүр. Алайда көпшіліктің жүрегін жаулағаны – оның қазақ мәдениетіне деген шынайы ықыласы болды.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің ұлты мен шыққан тегіне қарамастан барлық азаматты біріктіретін маңызды құндылық екенін бірнеше рет атап өткен.
Илья өз үлгісі арқылы қазақ тіліне деген сүйіспеншілік ұлтқа емес, жүрекке байланысты екенін көрсетті.