$ 491.37  570.48  6.78

«Ендігі мақсатым – Америка»: Ұлытаудан Парижге дейін жаяу жеткен қариямен сұхбат

Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаһанға танытып, келер ұрпаққа аманат етпеске?» деген арман пайда болды.

Фото: 24kz
Фото: 24kz

Жер шарын жаяу шарлап жүрген бірегей жиһангез, 76 жастағы Сәрсенбай Қотырашев Париждегі Салтанат қақпасына жетіп, өзінің кезекті Еуропа сапарын аяқтады. Биылғы сапары 3 наурызда Сербиядан басталып, Мажарстан, Аустрия, Германия арқылы Францияда түйінделді. 53 күнде 3000 шақырымды артқа тастаған қария «24KZ» тілшісіне сұхбат берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

– Сәрсенбай ақсақал, Париждегі мәреге жетуіңізбен құттықтаймыз! Жер шарын жаяу аралау идеясы қалай пайда болды?

– Рақмет, айналайын. Тілеулес болған барша қазаққа алғысым шексіз. Бұл ой маған бір күнде келе салған жоқ.

2018 жылы белгілі академик Ахмет Тоқтыбай мен Ұлытаудағы белсенді азамат Бақтияр Қожахметовпен бірге қасиетті өңірде «Көкмайса» қымыз фестивалін ұйымдастырдық. Мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды жаңғырту еді.

Сол кезде көкейімде: «Неге әлемді жаяу аралап, төл дәстүрімізді дәріптемеске? Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаһанға танытып, келер ұрпаққа аманат етпеске?» деген арман пайда болды.

– 76 жаста мұндай сапарға шығу үлкен батылдықты қажет етеді. Жиһанкездік жолына түсуге не себеп болды?

– Жастайымнан еңбекпен шынығып өстім. Өмірдің талай тауқыметін көрдім.

Ал үлкен сапарға біржола бет бұруыма өмірдегі ауыр соққы себеп болды. Пандемиядан кейін көп жыл отасқан жарым өмірден өтті. Шаңырағым босап, серігімнен айырылған соң, қалған өмірімді ұлтымның атын шығаруға, саяхатқа арнаймын деп шештім.

– Отбасыңыз бұл шешімді қалай қабылдады?

– Әуелде бәрі қарсы болды. «Ата, бұл жаста тыныш отыру керек, жол қауіпті» деп уайымдады.

Қазір немерелерім мен шөберелерім мақтан тұтады. Күн сайын хабарласып, тілеуімді тілеп отырады. Олардың амандығы маған күш береді.

– Мұндай сапар үлкен қаражатты талап етеді. Еуропаға сапарыңыз қалай қаржыландырылды?

– Бұл – менің еш жерде айтпаған сырым.

Көпшілік демеушілердің көмегімен жүр деп ойлайтын шығар. Бірақ осы уақытқа дейін ешкім қолдау көрсеткен жоқ. Қанша хат жаздым, демеуші іздедім, еш нәтиже болмады.

Сондықтан үлкен тәуекелге бардым. Жезқазғандағы өзім тұрып жатқан жалғыз пәтерімді 15 миллион теңгеге сатып жібердім. Ақшаның бір бөлігімен Қытай сапарынан қалған қарыздарымды жаптым, ал қалғанын толықтай Еуропа сапарына жұмсадым.

Мен үшін дүние-мүлік жинағаннан гөрі, артымда өшпес із қалдыру маңызды. Үй табылар, ал мұндай мүмкіндік екінші рет келмеуі мүмкін.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Дәрігерлердің өзі таңғалады. Бойымда күш-қуат барда тоқтап қалғым келмейді.

Ендігі үлкен мақсатым – Америка Құрама Штаттарын жаяу аралап шығу. Мұхиттың арғы бетіне өтіп, АҚШ жолдарында көк туымызды желбіреткім келеді.

Денсаулық пен жігер барда маған ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Мақсатым айқын, тек алға жүремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

– Рақмет. Барша қазақ еліне алғыс айтамын. Амандық болса, алдағы сапарларымда да халқымның абыройын асқақтатып, көк туымызды әлемге таныта беремін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0