17.06.2026, 16:50

Шетелдіктерге суррогат ана қызметін пайдалануға тыйым салынуы мүмкін

Фото: Мәжіліс

Мәжілісте даулы бастама көтерілді

Қазақстанда шетелдік азаматтарға суррогат ана көмегіне жүгінуге заң жүзінде толықтай тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Депутаттың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша елімізде суррогат ана қызметін отандық азаматтармен қатар шетелдіктер де еш кедергісіз пайдалана алады. Алайда бұл жүйеде бала қауіпсіздігіне қатысты үлкен шикіліктер бар.

«Орган ретінде сатылмасына кім кепіл?»

Гүлдара Нұрымова бала құқығы мен олардың шекара асқаннан кейінгі тағдыры бақылаусыз қалатынын алға тартып, дабыл қақты. «Қазір суррогат ана бойынша шетел азаматтары да, Қазақстан азаматтары да қатыса алады. Бірақ біздің ұсыныс бойынша бұл процеске тек Қазақстан азаматтары ғана қатысуы керек деп есептейміз. Ал шетел азаматтарына мүлдем тыйым салу керек», — деді депутат. Ол сонымен қатар елімізден нәрестелерді түрлі мақсатта алып кетіп жатқандардың көбейгенін, бұл мәселенің арты үлкен қасіретке әкелуі мүмкін екенін ескертті. «Қазір Қазақстанда балаларды неше түрлі мақсатта алып кетіп жатыр. Ол — өте үлкен мәселе. Ертең ол баланың орган ретінде сатылмасына кім кепіл?» - деді депутат