19.06.2026, 19:30

Оралда «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі басталды

Фото: дереккөз

Кинолекторийдің ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Нүрділдә Ораз құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталды.

Орал қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұйымдастырған «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өз жұмысын бастады. Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған ауқымды ағартушылық жоба еліміздің өңірлерін аралап, 19–20 маусым күндері Батыс Қазақстан облысында өтуде. Отандық деректі киноны насихаттауға және тарихи жадыны сақтауға бағытталған шараға облыс тұрғындары, жастар, мәдениет саласының өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Екі күн бойы көрермендерге Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығы түсірген Қазақстанның заманауи тарихын, қоғамдағы маңызды өзгерістерді және адам тағдырларын баяндайтын үздік деректі фильмдер ұсынылады.

Кинолекторийдің ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Нүрділдә Ораз құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін маңыздылығына тоқталды. – Бүгін Батыс Қазақстан облысы үшін, Орал қаласы үшін ерекше күн. Біз Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийін өз төрімізде қарсы алып отырмыз. Бұл ауқымды ағартушылық жоба елордамыз Астанадан бастау алып, бүгінде біздің өңірге жетті. Мұндай бастаманың бір бөлігі болу біз үшін үлкен мәртебе. Өйткені бұл жоба Тәуелсіз Қазақстанның маңызды кезеңдерін дәріптеп, ұлттық жадымызды сақтауға қызмет етеді, – деді Нүрділдә Ораз. Оның айтуынша, Президент Телерадиокешені отыз жыл бойы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғаларды, мемлекеттік реформаларды, халықаралық бастамаларды және қарапайым азаматтардың тағдырын бейнелейтін бірегей визуалды шежіре қалыптастырып келеді. Фильм көрсетілімдері басталмас бұрын Президент Телерадиокешені Деректі кино орталығының бас продюсері Әділбек Құламан сөз сөйлеп, кинолекторийдің негізгі мақсаты туралы айтты.

– Деректі кино – уақыттың айнасы. Ол еліміздің тарихында із қалдырған маңызды оқиғалар мен тұлғаларды кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Бұл жоба арқылы өңір тұрғындары Деректі кино орталығының үздік туындыларын көріп қана қоймай, олардың авторларымен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік алады. Біз үшін фильмдердің көрермен жүрегінен орын тауып, ой салуы маңызды, – деді Әділбек Құламан. Кинолекторийдің алғашқы күні көрермен назарына «СЕРТ» және «ARAL» деректі фильмдері ұсынылды. «СЕРТ» фильмі 2024 жылдың көктемінде еліміздің бірнеше өңірінде, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында орын алған ірі су тасқынының салдарын баяндайды. Туындыда апаттың куәгерлері мен зардаптарын жоюға қатысқан азаматтардың оқиғалары арқылы қиын кезеңдегі халықтың бірлігі мен жанашырлығы көрсетіледі. Ал «ARAL» деректі фильмінде өмірін Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арнаған Күнтуған Тұрғынбаевтың тағдыры баяндалады. Фильм арқылы көрермендер Арал өңірінің тарихымен, экологиялық мәселелерімен және сол өңірде өмір сүріп жатқан адамдардың тағдырымен танысады. Орал қаласының тұрғыны Әлия Смағұлова көрген фильмдерден алған әсерімен бөлісті. – Маған әсіресе «СЕРТ» фильмі қатты әсер етті. Себебі су тасқыны біздің өңірдің көптеген тұрғындарына тікелей әсер етті. Осындай деректі фильмдер бастан өткен оқиғаларды жаңаша түсінуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Кинолекторий Орал қаласында ертең, 20 маусым күні де жалғасады. Екінші күні көрермендер еліміздің туристік әлеуетін таныстыратын «TRAVEL KAZAKHSTAN» және Каспий теңізіндегі Құлалы аралында ұзақ жылдар қызмет еткен Петр Лупенковтың өмірі туралы баяндайтын «ЧЕЛОВЕК С ОСТРОВА КУЛАЛЫ» деректі фильмдерін тамашалай алады. Айта кетейік, «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жоба Қазақстанның 20 қаласын қамтып, қыркүйек айында Алматы қаласында қорытындыланады. Оның негізгі мақсаты – отандық деректі киноны кеңінен насихаттап, Тәуелсіз Қазақстанның көрнекі тарихын келер ұрпаққа жеткізу.