20.06.2026, 15:30

Ақтөбеде газ құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам тірідей жанып кетті (ВИДЕО)

Фото: Видеодан алынған кадр

Оқиға орнына 10-нан астам техника мен 50-ден астам қызметкер барды.

19 маусымда түнде Ақтөбе қаласында газ құю бекетінде ішінде үш адам бары көлік өртенді. Өкінішке қарай, кәмелет жасына толмаған екеу және бір ересек адам тірідей жанып кетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 112 нөміріне шұғыл хабар сағат 22:55–те келіп түскен. Өрт сөндірушілер Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю бекетіне дереу жетіп, өртті сегіз минут ішінде, яғни 23-03-те толықтай сөндірді.

"Өрт сөндіру кезінде көлік ішінен үш адамның денесі табылды. Оның екеуі кәмелетке толмаған. Тағы бір адам ауруханаға жеткізілді".Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Оқиға орнына 10-нан астам техника мен 50-ден астам қызметкер барды. Олардың арасында өрт сөндірушілермен қатар Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасының мамандары болды.

Қазіргі кезде өрттің қалай тұтанғаны анықталып жатыр.